Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан Ұлан-Батыр қаласында (Моңғолия) өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Спортшы жарыстан кейін байрақты бәсекеге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды құттықтап, өздерінің сағы сынбайтынын мәлімдеді.
"Ұлан-Батырда Азия чемпионаты аяқталды. Мен қола, Төрехан күміс жүлдегер атанды. Әрине, бұл Сабырхандардан күткен нәтиже емес еді. Бабымыз жанғанымен, бағымыз жанбады. Бұл да біз үшін үлкен сабақ болады. Алда әлі талай еңбектеніп, еліміздің көк Туын әлемде көтеру үшін тер төгеміз. Бізді қолдаған баршаларыңызға мың рақмет! Сабырхандардың сағы сынбайды! Бұл біріншілікте топ жарған қыз-жігіттерді құттықтаймын. Бұл жолы ағайынды Айбек, Нұрбек бауырларымыз чемпион болды, келесі жолы 4 чемпион боламыз", - деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатын сегіз медальмен аяқтады. Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін), Сабыржан Аққалықов (75 келіге дейін), Нұрбек Оралбай (85 келіге дейін), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары салмақта) алтын медаль жеңіп алды.
Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) күміс медальға ие болса, Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін) және Сағындық Тоғамбай (90 келіге дейін) жарысты қола медальмен аяқтады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова