- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сабаққа келмеген оқушыларды...
Сабаққа келмеген оқушыларды тексеруге барған: бір отбасын ажалдан арашалағандар марапатталды
ТЖ министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Тараздағы №22 мектептің педагогтары және полиция лейтенанты 5 адамның өмірін сақтап қалғаны үшін марапатталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл 6 наурызда Таразда бір топ педагог, мектептегі полиция инспекторы газдан уланған бүтін бір отбасын ажал тырнағынан арашалап қалған болатын. Сол күні №22 мектепте сабаққа қатысушы оқушыларды түгендеу кезінде 2-сынып оқушысы сабаққа қатыспағаны анықталған. Ал балалардың ата-анасы соғылған телефон қоңырауларына жауап бермеген. Баланың анасының жұмыс орнындағы әріптестерінен де олардың қызметкері жұмысқа шықпағаны туралы ақпарат түскен. Басқа мектепте оқитын екі апалы-сіңлілі қыздар да сабаққа келмегені анықталған.
Ал директор отбасының тұрғылықты жеріне бару туралы шұғыл шешім қабылдаған. Мектеп қызметкерлерінен құралған топ оқушының тұрғылықты мекенжайына жедел жеткен.
"Есік қоңырауына да, есікті ұрған дыбысқа да ешкім жауап бермеген. Инспектор А.Ермаков, педагог К.Исмаилов және көршісі үйдің қоршауынан түскен. Алдыңғы есік құлыптаулы болған, бірақ олар табиғи газдың иісін сезген. Ал терезеден ішке үңілген олар бала жатқанын байқаған. Уақыт оздырмай, ер адамдар пластикалық терезені бұзып, үйге кіреді. Осылайша, олар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, ұтымды әрекет еткен. Яғни қауіпті болғандықтан, үйдегі жарықты да қоспаған. Газды да сөндірген. Іле-шала зардап шеккендерді шұғыл түрде таза ауаға шығарған. Көршісі де ересектерді шығаруға көмектескен. Осы уақытта әйелдер жедел жәрдем, полиция, газ қызметін шақырып үлгерген. Ал жедел жәрдем қызметі оқиға орнына жеткенше педагогтар мен инспектор қол қусырып отырмай, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеткен. Кәмелетке толмағандардың ата-анасын үйден көтеріп шығаруға көршілер көмектескен", - дейді мектеп директоры Шолпан Диханбаева.
Осылайша, "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен №22 мектеп қызметкерлері - кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор полиция лейтенанты Әлішер Қалмұратұлы, орта мектеп директоры Шолпан Имантайқызы, директордың орынбасарлары Аида Мұратқызы және Эльмира Әжібекқызы, денешынықтыру мұғалімі Қуаныш Уәлиханұлы марапатталды. Азаматтық борышын орындағаны үшін Жамбыл облысы ТЖ департаменті бастығының атынан Штольц Александр Юрьевичке Алғыс хат берілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова