- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сабаққа жеңілдеп барамын"....
"Сабаққа жеңілдеп барамын". Артық салмақтан арыламын деп ажал құшқан әйелдің туыстары сұхбат берді
Артық салмақтан арылуға барып, ажал құшты. Алматыда 47 жастағы әйел липосакциядан кейін көз жұмды. Марқұм қаладағы мақтаулы пластикалық хирург қызметіне жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алайда беліндегі майды алдыртқаннан кейін жағдайы нашарлап, беті бері қарамапты. Құралай Батырханованың жақындары науқасқа отадан кейін дұрыс күтім жасалмаған деп күдіктенеді әрі кінәлілер жазадан сытылып кетпесе деп отыр. Әйелдің артында үш баласы қалған.
Құралай Батырханова жылдар бойы артық салмақтың зардабын тартып келген. 101 келі салмақтан әйелдің аяғына күш түсіп, ауыра бастапты. Сөйтіп липосакция жасату туралы шешім қабылдайды. Ол дәрігерді ұзақ таңдап, ең мақтаулы пластикалық хирургке барған.
"Каникулда ана артық майымды алып тастаймын, сосын кішкене сабаққа жеңілдеп барам, салмағым түседі деп, интернеттен екеуіміз қарағанбыз, инстаграм, бәрін қарадық. Данияр деген дәрігерге жазылған пікірлерді оқып, зерттеп, бардық. Минус 5,6 келі тастайды деп айтты, содан кейін анау жиналғаннан кейін организм өзі тастай береді деді", - дейді марқұмның сіңлісі Сәулет Батырхан
Осыған қызыққан әйел бірден отаға дайындала бастайды. Яғни бастан-аяқ медициналық тексерістен өткен. Әрі денсаулығында еш кінәрат жоқ екені анықталыпты. Клиникамен келісімшартқа отырып, отаға 2 миллион теңге төлеген. Оны да бауырынан қарызға алыпты. Құралайдың ішіндегі майды алу отасы бір жарым сағатқа созылған. Әйел липосакциядан кейін жақындарына өз-өзіне келе алмай жатқаны туралы хабарлама жібереді. Ал, түнге қарай дәрігерлер қаралы хабар жеткізген. Хирургтер отаның қаупі туралы еш ескертпеді дейді қара жамылғандар.
"Бұл жерде адамның миын улау болып тұр ғой. Неге айтпайды, осындай жағдай болады, өліп қалуыңыз мүмкін немесе өліп кетуі мүмкін, 90 пайыздан екі пайыз сондай болуы мүмкін деп, неге айтпайды?! Сіз операциядан тұрғаннан кейін сағат 2-де жолдасыңыз алып кетеді деп айтқан", - дейді марқұмның сіңлісі Гүлнар Батырхан
Ойда-жоқта жақынынан айырылғандар пластикалық хирургтің жаназаға келіп кешірім сұраудың орнына — ақша ұсынғанына да қапалы. Мәйітке жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысына сәйкес, 47 жастағы әйел инфаркттан кеткен. Десе де жақындары бұған сенбейді. Олар отадан кейін науқасқа күтім дұрыс жасалмаған деп күдіктенеді. Ал іштегі майды алу операциясын жасаған мақтаулы дәрігер қызметін әлі де жалғастыруда. Айтуынша, Құралайға ота сәтті жасалған.
"Операция ойдағыдай өтті. Кейін науқас интенсивті терапия бөліміне, сосын стационарға ауыстырылды.Ол палатада өзін жақсы сезінді. Ал түстен кейін жағдайы нашарлай бастады. Біз протоколға сәйкес әрекет еттік. Бірақ науқасты аман алып қала алмадық. Отаны мен жасадым, моральді тұрғыда жауаптымын. Қазір маған да қиын болып тұр. Өкінішке қарай, медицинада күтпеген жағдайлар болады. Не болғанын өзім де түсіне алмай жүрмін", - дейді пластикалық хирург Данияр Урмурзин.
Сараптаманың нақты қорытындысы бір айдан соң шығады. Марқұмның жақындары дәрігерлер жауапкершіліктен сытылып кете ме деп қорқып отыр. Сондықтан олар істің әділ өтуін сұрауда.
47 жастағы бастауыш сынып мұғалімі. Ұстаздың артында үш баласы қалған. Қазір қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Липосакцияны жасаған пластикалық хирургтың кінәсі дәлелденсе, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан