Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыны салу кезіндегі қателіктер туралы айтып, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылыстағы бақылау шараларын күшейтуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі үкімет сайтына сілтеме жасап.
Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары барысында қаланы одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Премьер-министр сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Түркия мен Сирияда болған табиғи апаттар біздің елімізге, әсіресе Алматыға үлкен сабақ болуы тиіс.
Ол соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілгенін атап өтті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді шараларды іске асыруы тиіс.
"Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені тек Алматыда ғана емес, еліміздің жер сілкінісіне ұшырауы ықтимал басқа да өңірлерінде пайдалану қажет. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұған дейін алынып тасталған жобалау, құрылыс және бақылау процестерін заңнамалық тұрғыда қатаңдату мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек", - деді Әлихан Смайылов.
Жалпы, премьер-министр шаһардағы қала құрылысы саясатын жақсарту қажет екеніне, бұл әсіресе Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын талқылау және келісу аясында өзекті екеніне назар аударды.
"Әкімдік қала құрылысы кезінде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жіберілген қателіктерді ескеруі керек. Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұраны сақтай отырып, құрылыс нысандарының биіктігі мен тығыздығына ерекше назар аудару қажет", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!