"Сабақ болмай жатыр". Алматы мектептері 26-қыркүйекті қалай өткізіп жатыр?

"Сабақ болмай жатыр". Алматы мектептері 26-қыркүйекті қалай өткізіп жатыр?

Биыл еліміздің мектептерінде алғаш рет 26 қыркүйек сабақ өткізілді. Осыған орай  Massaget.kz тілшісі Алматыдағы білім ордаларына барып, оқу процесін бақылап көрді. 

Мұхтар Әуезов атындағы №128 жалпы орта білім беретін мектепте әдеттегі оқу күніндегідей қайнаған тіршілік жоқ. 25-мамыр сабақтың аяқталғанына үйреніп қалған оқушылардың түрлерінен білім алуға зауқы жоқ екенін жазбай тануға болады. Алайда мектеп басшылығы "бұл шешім ұстаздарға, білім жүйесіне ешқандай кедергі келтірмейді" деп отыр.  

 

"36 апта оқуға біздің мектеп ешқандай қарсы емес. Себебі жалпы орта білім беретін мектептің бәрі бес күндікке ауысты. Мұғалімдер мен оқушылар екі күн демалатын болғандықтан бұл оқу процесіне ешқандай кері әсерін тигізбейді. Барлығы қалыпты жүріп жатыр. Ата-аналар тарапынан ешқандай қарсылық болмады, - деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Құралай Тыныбаева.

Алайда ата-аналардың пікірі алуан түрге бөлініпті. Бірі бұл шешімді "балалардың болашағы үшін, білімін арттыру үшін артықтық етпейді" десе, енді бірі "ұл-қызымыз шаршайды, 25-нен кейін сабаққа барғымыз келмейді" деп жылайтынын айтты.  

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осыған дейін оқушылардың "оқулықтарын кітапханаға өткізіп қойып, сабақта бос отырғаны туралы деректер жарияланды" деген болатын. Біз барған білім ордасының басшылығы оқушылардан кітаптарын жинап алмағанын жеткізді. Десек те мектептің алдында кездескен ата-аналар "балаларымыз оқулықты әлдеқашан тапсырып тастады, сабақ болмай жатыр" дейді. Оқушылардан да сыр тартып көргенімізде кітаптарын тапсырып, тоқсандық бақылауларға дайындалып жатқанын жеткізді. 

 №93 мектепке де де арнайы бардық. Алайда мектеп басшылығы директордың жиналысқа кеткенін айтып есіктен ары қарай кіруімізге рұқсат етпеді. "Балалар оқып жатыр, барлығы бірқалыпты" деп қысқа қайырды. 

Қаланың бірнеше мектебін аралап шықтық. Есік алдында кездескен оқушылар оқулығын тапсырып қойғанын жеткізгенімен, мектеп алдынан қарсы алған күзетшілер есіктен ары өткізбей қойды. Осының өзі көңілге күдік ұялатады. Жалпы ұстаздардың басым көпшілігі оқу жылының ұзартылуын, министрліктің бұл шешімін құптамайтын көрінеді. Еліміз үшін 25 мамыр тарихи тағылымға толы мейрам екенін айтып, қайтадан бұрынғы маңызға ие болғанын қалайтынын жасырмады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов