Солтүстік Қазақстан облысында сабағын дұрыс оқымағаны үшін қызын пышақтаған ана алты жылға сотталды. "Ашу үстінде қалай пышақ жұмсағанымды білмеймін" деп қанша ақталса да, оған деген сот үкімі жеңілдемеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Сот шешімі
Үш ай қаралған қылмыстық іске қатысты сот үкімі шықты. Алты баласы бар көпбалалы әйел енді жазасын темір тордың арғы жағында өтейді. Бұған дейін еркін жүрген оны күйеуі мен пышақталған қызының көзінше сот залынан қамауға алып кетіп, ата-ана құқығынан айырған.
Істеген ісіне өкініп, қатесін мойындаса да, жетінші баласына аяғы ауыр екенін ескерсе де, сот оған деген жазаның ең жеңілі осы деп алты жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның мектеп жасындағы үш баласы мен балабақшадағы сәбиін енді әкесі мен ата-әжесі бағады.
"Сотталушы бұл қылығын ашу үстінде жасапты. Қатты ызаланған ол ас үйден пышақ алып, қызын үш жерден пышақтаған. Арғы жағы есінде жоқ, тек енесінің араша түсіп, тоқтатып жатқанын біледі. Сараптама қортындысы әйелдің қылмыс жасап жатқан кезінде ақыл-есі сау болғанын көрсетті", - деді судья.
Оқиғаның мән-жайы
Айта кетейік, былтыр қыркүйекте 11 жастағы бүлдіршінді анасы пышақтаған. Жағдайы нашарлаған қызға 500 шақырым жерден тікұшақпен дәрігерлер барған. Олар ота жасап, қызды әрең аман алып қалған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова