Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтын өшірді. Бұл оқиға Лондондағы WTA 500 сериялы турнирінен шығып қалғаннан кейін болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Теннисшінің жанкүйерлері оның аккаунтынан алдымен барлық жазба өшірілгенін, кейін парақшаның жоқ болып кеткенін байқады. Мүмкін, Елена сәтсіз нәтижеге осылайша жауап берген болар, өйткені ол турнирде бірінші нөмірмен өнер көрсетіп, басты фаворит саналған еді.
Қазір спортшы да, оның өкілдері де жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Парақша өшірілгенге дейін оның 906 мыңға жуық оқырманы бар еді.
Скриншот: instagram.com/lenarybakina/
Еске салайық, 1/4 финал кездесуде Қазақстанның үздік теннисшісі үш сетте ұлыбританиялық Кэти Бултерге есе жіберді. Рыбакина бірінші сетте 5:7 есебімен ұтылып, екіншісінде 6:2 есебімен қарымта қайтарды, алайда шешуші кезеңде қарсыласы басым түсті — 4:6.
Қазақстандық теннисші бірнеше сағат ішінде екі матч өткізуге мәжбүр болды. Кеше ол турнирді 1/8 финалдан бастауға тиіс еді, бірақ жоспарланған кездесу жаңбырға байланысты кейінге шегерілді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz