Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі айтылды. Бүгін қылмыстық іс бойынша алдын ала отырыс өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Прокурор Бауыржан Қараманов болған оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі баяндайтын айыптау актісін оқыды.
Іс материалдарына сүйенсек, 2025 жылғы 21 сәуірде айыпталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласы құрылыс басқармасының салынып жатқан нысандарға мониторинг жүргізу бөлімінің бастығынан ақпарат алған. Ол Жиембайға әкімнің орынбасары Руслан Берденовтің нұсқауы бойынша "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі қажет екенін айтқан.
Айыптаушы тараптың айтуынша, осыдан кейін Жиембайдың Берденовті өлтіруге деген ниеті пайда болған. Мәліметке сүйенсек, ол осындай эмоциямен дүкенге барып, бір бөтелке ішімдік сатып алып, оны көлікте ішкен. Кейін Жиембай үйіне барып, "Сайга" маркалы аңшы мылтығын алып, біраз уақыт бойы жұбайына тиесілі көліктің жүк салғышында сақтаған.
Сол күні кешке ол қала әкімдігінің ғимаратына келіп, әкімнің орынбасарын күткен. Берденовті көрген Жиембай оны бес рет атқан.
Руслан Берденов алған жарақаттарына қарамастан қарсылық көрсеткен. Осы кезде оқиғаға әкім орынбасарының жүргізушісі араласқан.
Айта кетейік, бұл іс бойынша негізгі сот талқылауы 6 тамыз сағат 10:00-ге жоспарланды.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!