Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі айтылды. Бүгін қылмыстық іс бойынша алдын ала отырыс өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Прокурор Бауыржан Қараманов болған оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі баяндайтын айыптау актісін оқыды.
Іс материалдарына сүйенсек, 2025 жылғы 21 сәуірде айыпталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласы құрылыс басқармасының салынып жатқан нысандарға мониторинг жүргізу бөлімінің бастығынан ақпарат алған. Ол Жиембайға әкімнің орынбасары Руслан Берденовтің нұсқауы бойынша "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі қажет екенін айтқан.
Айыптаушы тараптың айтуынша, осыдан кейін Жиембайдың Берденовті өлтіруге деген ниеті пайда болған. Мәліметке сүйенсек, ол осындай эмоциямен дүкенге барып, бір бөтелке ішімдік сатып алып, оны көлікте ішкен. Кейін Жиембай үйіне барып, "Сайга" маркалы аңшы мылтығын алып, біраз уақыт бойы жұбайына тиесілі көліктің жүк салғышында сақтаған.
Сол күні кешке ол қала әкімдігінің ғимаратына келіп, әкімнің орынбасарын күткен. Берденовті көрген Жиембай оны бес рет атқан.
Руслан Берденов алған жарақаттарына қарамастан қарсылық көрсеткен. Осы кезде оқиғаға әкім орынбасарының жүргізушісі араласқан.
Айта кетейік, бұл іс бойынша негізгі сот талқылауы 6 тамыз сағат 10:00-ге жоспарланды.
Берденовке жасалған шабуыл
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Берденов туралы не белгілі?
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
- Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
- 2007 жылғы ақпан - 2010 жылғы шілде - Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
- 2010 жылғы шілде - 2012 жылғы қараша - Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
- 2012 жылғы қараша - 2018 жылғы мамыр - "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
- 2018 жылғы қараша - 2019 жылғы сәуір - "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
- 2019 жылғы сәуір - 2023 жылғы наурыз - Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
- 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
- Биыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова