Димаш Құдайбергеннің қарындасы кәсіпкер Раушан Құдайберген "Оян" бағдарламасында отбасылық бизнесі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, мейрамхана ашу отбасылық идея болған.
"Бұл - ата-анамның, әсіресе әкемнің тарапынан туған ой. Оны біздер ұнатып, қостап қолдап кеттік. Бірден құрылыс жұмыстарына кірісіп, бизнес саласының қыр-сырын үйренуге іздендік. Бастапқы кезде бәріміздің ортақ идеямыз болғанымен бас-аяғында өзім болып, үйреніп кеттім. Негізінен ұсақ-түйек істерінің бәріне өзім араласамын. Негізгі шешімдер ата-анамның тарапынан болады. Бірақ күнделікті өзім бас-көз болып, ұжыммен тіл табысып, басқарып жүремін",- деді Раушан Құдайберген.
Сондай-ақ, әншінің қарындасы мейрамханадағы тағам атауларын әкесі қоятынын айтты.
"Негізі қазақ асханасы өте бай. Аспазымыз Нариман аға тарихшылармен, филологтармен ізденіп, экспедицияға шығып, тағамға қатысты ақпараттарды үнемі іздеп жүреді. Ал мәзірдегі тағамның атауын қоюға әкем белсене араласты. Әр өңірдің талғамына сай сондай тағамдарды мәзірге қосуға тырыстық. Бізде тек отандық өнімді қолданамыз. Алдағы уақытта мәзірге марал еті қосылады деп отырмыз.
Мейрамханаға ағам Димаш Құдайбергеннің түрлі концертке киген "Алтын адам" киімін қойдық. Бұл киімді ол арнайы тапсырыспен тіктірген еді. Сол үшін Димаштың рұқсатын алып, келісімімен ғана қойылды", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз