- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- отшашу туралы
Рұқсатсыз отшашу сатқандар жазалана бастады
Павлодарда рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды сату дерегі анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдаланудың алдын алу мақсатында өңірде рейдтер жүргізіп жатыр. Рейд барысында тәртіп сақшылары пиротехникалық бұйымдарды сатуға рұқсат беру құжаттарын тексеріп, заң талаптары сақталуын қадағалайды. Сауда орындарының иелері мен сатушыларға кәмелетке толмағандарға пиротехникалық өнімдерді сатуға тыйым салынғаны және бұл үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертіліп жатыр.
"Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, онлайн сауда жолдарын да бақылауға алды. Павлодар қаласында Байжанов көшесінде рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды сату дерегі анықталды. Заңсыз сатылған 45 отшашуы бар төрт қорап тәркіленіп, сатушыға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды", - деп жазылған хабарламада.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды пиротехникалық бұйымдарды қолдануда сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Отшашу сатып алған кезде сатушыдан міндетті түрде өнімнің сертификатын талап ету қажет. Әрбір бұйымның пайдалану жөніндегі нұсқаулығы болуы шарт. Мерзімі өткен пиротехникалық өнімдерді қолдануға қатаң тыйым салынады.
Сонымен қатар полицейлер пиротехникалық заттарды қалтада сақтауға, оларды бөлшектеуге, механикалық әсерге ұшыратуға, жылыту құрылғыларының жанында ұстауға болмайтынын ескертеді. Сыртқы келбеті бүлінген немесе ылғалданған бұйымдарды кептіруге тырысу қауіпті. Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ, ТЖМ күшейтілген жұмыс режиміне көшетіні хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова