Биыл полиция рұқсат етілмеген жерде суға шомылғаны үшін 2 мыңнан аса қазақстандықты жауапқа тартты. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Айдын Оразбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылы суға түсу маусымы кезеңінде Ішкі істер министрлігі қызметкерлері 10 мыңнан аса рейд пен патрульдеу жүргізген.
Рұқсат етілмеген жерлерде суға түскен 2 мыңнан аса адам жауапқа тартылды. Ішімдік ішіп, қоғамдық орында мас жүрген 700-ден аса адам, ұзақ бұзақылық жасаған 400-ден адам заң алдында жауап берді. Полиция суға батып бара жатқан 14 адамды құтқарды, - деді Айдын Оразбаев ІІМ-де өткен брифингте.
Сондай-ақ ол қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
"Су айдынының жағасына демалуға барғанда барлық қауіпсіздік шарасын сақтаңыздар. Ішімдік ішіп, суға түспеңіздер, рұқсат етілмеген жерде шомылмаңыздар. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Адамдардың суға батуының басты себебі – қауіпсіздік ережесін сақтамауы", - деді орынбасары.