- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Рухани құндылықтарсыз ұлт...
Рухани құндылықтарсыз ұлт болып ұйысу, ел болып қалыптасу мүмкін емес
Ұлттық құндылықтар дегеніміз – ұлттың тілі, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, өнері, әдебиеті, наным-сенімі. Ұлтты ұлт етіп, елді ел етіп ұйыстыратын - ұлттық құндылықтар. Онсыз ел болып қалыптасу, ұлт болып ұйысу мүмкін емес. Даңқты батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Рухани жағынан азғындаған адам, Отанына опасыздық жасайды» – деген сөзінде үлкен мән жатыр. Яғни, рухани азғындаған ұлт ұлттығынан да, елдігінен де мақұрым болады. Сондықтан ұлт үшін, ел үшін ұлттық құндылықтардың орны аса маңызды.
Кеңес Үкіметі тұсында қазақтың ұлттық құндылықтарына қарсы астыртын әрекеттер жасалғаны жасырын емес. Ең алдымен қазақ тіліне қысым жасалды. Қазақ даласында, алдымен, аралас мектептер, сонан соң таза орыс мектептері ашыла бастады. Тіпті, қазақтан өзге ұлт өкілдері тұрмайтын шалғай ауылдарда орыс мектептері бой көтерді. Қазақ мектептерінің саны азайды. Құжаттандыру тек орыс тілінде жүргізілді. Соның салдары әлі күнге сезіліп келеді. Қазірдің өзінде еліміздегі қазақтардың жартысы орыс тілінде сөйлейді. Ана тілін білмейтіндер қаншама?! Кеңес Үкіметі қазақтың тіліне ғана емес, сонымен қоса, қазақтың тарихына да қиянат жасалды. Орыс мектептерін былай қойғанда, қазақ мектептерінің өзінде қазақ хандығы, қазақ мемлекеттігі туалы оқытылмады. Қазақ мектептерінде Ресей тарихы кеңінен оқытылды. Орыс ұлтының ерлігі дәріптелді. Ешқашан Қазақ мемлекеті болмаған деп, қазақ ұлтының рухын сындырмақ болды. Сондай-ақ, Кеңес Үкіметі қазақтың дініне, наным-сеніміне де шектеу қойды. Мешіттер жабылды, қазақтың әулие-әмбелерін жоққа шығарды. Кеңес Үкіметі қанша күш салса да, қазақ ұлтының рухын сындыра алмады.
Қазақстан тәуелсіздік алып, егеменді ел атанып, нарықтық дамуға бет алған тұста Үкімет тек экономикаға ғана емес, ұлттық құндылықтарға да баса көңіл бөлді. Ұлттық құндылықтарсыз ел болу мүмкін емес екенін ел басқарып отырған басшылар да жақсы түсінді. Өйткені, қоғам дамуы нарықтық экономикаға ауысқан кезде материалдық құндылықтар алға шығады. Ал, бұл Кеңес Үкіметі тұсында әлсіреген ұлттық құндылықтарымызды одан сайын әлсірете түсуі мүмкін еді.
Сондықтан, экономикалық қиындықтарға қарамастан, мемлекет басшысы мен Үкімет ұлттық құндылықтарды насихаттауға аса көңіл бөлді. Президент Н.Назарбаев 2003 жылығы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақтың мәдени мұрасын, тілін, тарихиын ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлы тәжірибені біріктіруді зерттеудегі бірыңғай жүйе қалыптастыруға бағытталған бағдарлама жасауды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Үкімет «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Алғашында екі жылға (2004-2006жж.) есептелген бағдарлама кейінннен ауқымы кеңейтіліп, үш кезеңге (2004-2006 жж. 2007-2009 жж. 2009-2011 жж) жалғасты.
Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Мәдени мұра» қорын қалыптастыру, мәдени-әдеби мұраларды сақтау және насихаттау, сирек кездесетін құнды әдебиеттерді насихаттау, заманауи ұлттық мәдениетті, фольклор және салт-дәстүрлерін дамыту, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері туралы әдебиеттерді насихаттау, қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі философиялық мұрасын оқып-үйрену, жастарды мәдени құндылықтарды білуге және оны дамытуға баулу секілді түрлі мәдени іс-шаралар жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясы жарық көрді, 78 тарихи және мәдени ескерткіштер реставрацияланды, 40 археологиялық зерттеу жүргізілді, қазақ тілінде тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге байланысты 537 кітап бір жарым миллионнан астам тиражбен басып шығарылды. «Казахфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы 20 деректі фильм түсірді.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау «Мәдени мұра» бағдарламасымен біткен жоқ. Бұл бағдарлама тоқтаған соң да ұлттық құндылықты дәріптеген талай іс-шара жүзеге асырылды. Соның бірі – «Қазақ хандығы» телесериалы. Бұл фильм Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша, Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекелеу аясында жарық көрді. Фильм Қазақ хандығының қашан және қалай құрылғанын паш етеді.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мәселесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің де назарынан тыс қалған емес. Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың мәні зор екеніне тоқтала келе, ғаламтор дәурендеп тұрған шақта бұл екі есе маңызды екенін атап өтті.
«Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, «заманына қарай адамы» демекші, заманның өзгеруіне қарай базбір құндылықтар пайда болады. Қазіргі нарық заманында материалдық құндылықтардың алға суырылып шыққаны жасырын емес. Алайда, біз жастарға материалдық құндылықтардың уақытша екенін, оның заман ағымына қарай құнсызданатынын, ал ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтардың мәңгілік екенін жастарға түсіндіріп, санасына сіңіруіміз қажет.
О. Сансызбай