Астанада Рухани келісім күніне орайластырылған Қазақстандық жол: сұхбаттастықтан рухани келісімге тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақстанда Рухани келісім күні жыл сайын кең көлемде, салтанатты түрде аталып өтіледі. Конфессияаралық келісім мен діни төзімділікті қамтамасыз ету мемлекет саясатының басымдығы болып табылады.Елорда төріндегі аталмыш шараға Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті төрағасының м.а. Қ.Жаңаханов, Мәдениеттер және діндер халықаралық орталығының директоры А.П.Абуов, т.б. дəстүрлі дін өкілдері қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Бауыржан қажы Əбдірашұлы арнайы қатысып, Рухани келісім тұрақтылық кепілі тақырыбында баяндама жасады, - деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі. - Тәуелсіз Қазақстанның 27 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі - қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Алла Тағала Құран-Кәрімде: Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық (Хұжурат, 13) деп, адамзат баласының әртүрлі реңкте жаратылғанын айтады. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды, - деп атап өтті наиб мүфти Б.Есмахан. Шарада конфессияаралық қатынастар, Қазақстанның конфессияаралық және ұлтаралық тәжірибесінің бірегей моделі, сондай-ақ Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясына негізделген Қазақстанның бірлігін нығайту саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні. Бұл мерекенің тарихына үңілсек, 1992 жылы 18 қазанда Алматы қаласында Елбасының төрағалығымен Бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өтті. Конгреске қатысушылар 18 қазанды Рухани келісім күні қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтау салу, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. Бұл атаулы күн, негізінен тәуелсіз Қазақстанның алғаш белгілеген мерекелерінің бірі. Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан республикасының ұлттық кітапханасында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен және Адырна ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен Рухани келісім күніне арналған салтанатты шара өткен болатын.