- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Рухани келісім -...
Рухани келісім - бейбіт өмірдің бастауы
1992 жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі ұйымдастырылған болатын. Осы алқалы жиында 18 қазанды қоғамымыздағы өзара түсіністікті нығайту күні ретінде белгілеп, оны дәстүрлі түрде мереке ретінде атап өту ұсынылған.
Аталған ұсыныс қабыл алынып, міне, қазіргі таңда бұл күн барша қазақстандықтардың мерейлі мерекесіне айналды. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, еліміздің барлық аймақтарында осы мерекеге орай түрлі шаралар ұйымдастырылып, оларға халықтың белсенді қатысуын айтуға болады. Осыған орай Қазақстан республикасының ұлттық кітапханасында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен және "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен "Рухани келісім" күніне арналған салтанатты шара өтті.
Келелі басқосуға "Нұр-Мүбарак" Египет Ислам мәдениеті университеті жанындағы "Әбу Ханифа" ғылыми-зерттеу орталығының директоры К.Шәмшәдин және қоғам қайраткері Қ.Шалабаев қатысты. Салтанатты шарада қалалық мәслихат депутаты К.Матыжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі А.Осман және Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек Шоқай сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Іс-шараны Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков жүргізді.
Сонымен қатар, шараға "Әбу Ханифа" медресесі және Алматы бизнес колледжінің студенттері қатысып, келелі сұхбаттан рухани нәр алды.
Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы аталмыш "Рухани келісім" күнінің маңыздылығына кеңінен тоқталып, асыл дініміздің діндераралық татулық пен толенранттылыққа үндейтінін, өзара түсіністік пен төзімділікке шақыратынын айтып жеткізді.
Іс-шара барысында қаладағы діни ұйымдардың үздік қызметкерлері марапатталды. Атап айтқанда «Төле би» мешітінің Бас имамы К.Қоңыратбайұлына Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Қырықбаевтың Алғыс хаты табысталды.
Жиыннан соң діни конфессиялар көшбасшылары мен дін қызметкерлері өзара татулықтық рәмізі ретінде "Рухани келісім күніне" арналған ағаш көшеттерін отырғызды.
Рухани келісім күні - татулықтың бастауы. 1992 жылдан бері мерекеленетін атаулы күннің маңызы зор. Өйткені 17 конфессия мен 140 ұлт өкілі тұратын еліміз үшін рухани келісім, тұрақтылық пен татулықтың орны бөлек. Рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні. Осымен 26-шы рет елімізде аталып өтіп отырған бұл күн негізінен тәуелсіз Қазақстанның алғашқы белгілеген мерекесі.
О. Сансызбай