- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Рухани жаңғыру" бағдарламасына...
"Рухани жаңғыру" бағдарламасына қандай өзгерістер енгізілді?
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға арналған брифинг өтіп, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов "Рухани жаңғыру" бағдарламасының іске асырылун, бағдарламадағы өзгресітерді, осыған дейін істелген шаралардың нәтижесін айтып берді.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын басқару ісінде жергілікті атқарушы органдар мен өңірлердегі жобалық кеңселермен бірге істелетін жұмыс қайта жанданды, сараптамалық және әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ететін қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды.
Осыған дейін бірнеше сүрлеуден өткен бұл бағдарлама басты деген 3 бағыт бойынша дамып келеді: "тұлғалық даму", "ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру", "мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы".
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында мүмкіндікті дұрыс пайдалану, прагматикалық өмір салтын ұстанатын қазақстандықтар үшін "Үнем – қоғам қуаты" арнайы жобасы жасалды. Бұл жоба негізінде Қазақстан жастары арасында биік талғамды қалыптастыруға, қоғамдық мінез-құлық нормаларын дамытуға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған біршама іс-шараларды өткізу жоспарланған. Сонымен бірге ұмыт болып бара жатқан, алайда ізгілік пен тәрбие құндылығы жағынан қазіргі заманда да өзекті болып отырған дәстүр мен тарихи жәдігерлерді қайта жандандыруға бағытталған "Дәстүр мен ғұрып" жобасы басталып жатыр.
Биыл жүзеге асатын жаңа арнайы жобаның бірі – "Құқықтық мәдениет". Аталмыш бағдарламаның негізгі қағидаттарының бірі – бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру жолында құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғам жасау. Бұл мақсатта "Рухани жаңғыру" бағдарамасы негізінде бірқатар іс-шаралар кешені ұйымдастырылады.
Жаңа бірегей жобалардың қатарында "Еңбек – елдің мұраты" арнайы жобасы да бар. Оның шеңберінде қазіргі ұрпаққа қажырлы еңбектің арқасында өз кәсіби саласында табысқа жеткен адамдардың ғұмыры мен қызметі барынша толығырақ насихатталып, жастарға кәсіптік бағдар беру жұмысы жасалады.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасындағы мазмұны таяз біршама шара алынады. Мұндай шешімді министрлік жанынан құрылған арнайы қоғамдық даму институты қабылдаған. Вице-министр Болат Тілеповтың айтуынша, қазір маңыздысы – сан емес, сапа. Себебі тәжірибеге сүйенсек, кей тұста есептілік, науқаншылық сияқты үрдістер болып жатыр. Осы туралы жыл басында өткен мемлекеттік комиссияның отырысында нақты айтылған еді. Салдарынан өңірлердегі барлық іс-шараларға қайта талдау жасалып, қоғамның рухани жаңғыруына мүлдем қатысы жоқ, мазмұны таяз, мақсаты сұйық көптеген шаралар алынып тасталған. Вице-министр мысал ретінде былтырғы жоспарда 229 іс-шара жоспарланған болса, биыл тек сапалы деген 97 тармақ қалған. Еске салайық қазір бағдарламаның 6 бағыт бойынша 13 жобасы бекітіліп, олардың аясында ондаған мың шара өткен.
"Рухани жаңғыру" аясында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 228 нысан бой көтерген. Соның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет объекті, 36 спорт алаңы, 31 балалар алаңы және тағы басқа қоғам дамуына арналған нысандар салынған. Сонымен бірге ел бойынша 129 нысан реконструкцияланып, жөндеуден өткен. Соның ішінде 28 мектеп, 5 балабақша, 13 мәдениет объекті, 14 спорт алаңы, 68 аз қамтылған отбасыларға арналған үйлер, пәтерлер, 1 медициналық мекеме, 5 балалар алаңы және тағы басқалары бар.
Massaget