Рудныйда бау-бақша кооператив төрағасынан пара алған шенеунік сотталды

Рудный соты "Тобыл-Торғай су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциясы" РММ мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Мұқашевке қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол жоспарлы тексеру шеңберінде су заңнамасын бұзуды анықтау бойынша шаралар қолданбағаны үшін Рудный бау-бақша кооперативтерінің бірінің төрағасынан 1,1 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

"Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 33,3 млн теңге сомасына айыппұл түрінде жаза тағайындалды", - делінген Антикордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!