Рудный қаласында алаяқтықпен айналысқан 24 жастағы әйел қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол танымал платформа арқылы жалған хабарландыру жариялап, өз туған күнін атап өтуді жоспарлаған ер адамды алдап соққан. Алаяқ жарнамаға "жайлы коттеджді жалға беремін" деп жазып, мереке ұйымдастыруды ойлаған клиенттен 70 мың теңге сұраған.
Ұсынысқа қызыққан азамат алдын ала 35 мың теңге аударғанымен, сол сәттен бастап әйел байланысқа шықпай, ізін суытқан.
Құқық қорғау органдары бұл дерек бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, алаяқтық жасаған әйел 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың құрбаны болмас үшін мынадай маңызды кеңестерді ұсынады:
- Онлайн тауарлар мен қызметтерге күмәнмен қарап, олар туралы ақпаратты жеке тексеріңіз.
- Тауарды немесе қызметті қолыңызға алмайынша, ешқашан алдын ала төлем жасамаңыз.
- SMS арқылы растауды талап ететін күмәнді хабарламаларға сенбеңіз.
- Сатушының немесе жалға берушінің пікірлері мен беделін мұқият зерттеңіз.
- Егер алданып қалсаңыз, бірден банк шоттарыңызды бұғаттап, полицияға хабарласыңыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова