- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Роза Рымбаева Әли...
Роза Рымбаева Әли Оқаповтың “Құрмет“ орденінен бас тартуына қатысты пікір білдірді
Танымал әнші, Халық әртісі Роза Рымбаева Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында ұлы Әли Оқаповтың "Құрмет" орденінен бас тартқанына қатысты пікір білдірді.
Өнер иесі ұлын "Құрмет" орденімен марапаттаған кезде өздері де таңғалғанын жасырмады.
"Құрмет" ордені біздің өмірімізге ешқандай өзгеріс әкелген жоқ, оның бар-жоғы білінбейді. Жұмысымыз да, принципіміз де сол баяғы. Әлиді "Құрмет" орденімен марапаттаған кезде өзіміз де таңғалдық. Өзім шығармашылығы үшін берген болар деп түсіндім, Әлидің деңгейін, кәсіби музыкасын бағалаған болуы керек. Біз тек сахнаға емес, Әли атап өткендей, фильмдерге, көптеген сериалға саундтрек жазамыз. Одан кейін, осы жақында Almaty Cover Show-ға дайындық кезінде Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірігіп, кештің әнінің тең жартысының әрлеуін менің екі ұлым жасады. Мұны көрермен біле бермейді. Ал ол дегеніміз – үлкен жұмыс. Осының бәрін есептеп келгенде, шығармашылығы жағынан кәсіби деңгейде жұмыс істейтін музыкант болғандықтан, берген болуы керек", – деді ол.
Роза Рымбаева марапаттан бас тарту ұлының жеке шешімі болғанын жеткізді.
"Әли марапаттан бас тартқан кезде мен ешнәрсе деп айтқан жоқпын, бұл оның жеке шешімі болды. Оған қоса, бұл эмоционалдық жағдайда айтылған сөз болуы керек. Енді оны үкімет берді, біз алдық. Әйтпесе, біз ешқашан атақ алу үшін еңбек еткен адамдар емеспіз", – деді өнер иесі.
Еске салайық, бұған дейін әнші Әли Оқапов "Құрмет" орденінің иегері атанған еді. Бірақ халықтың кереғар пікірінен кейін өнерпаз бұл наградадан бас тартатынын жеткізді. Әлидің әйелі Ақерке Бүркітбай бұның барлығы әдейі жасалғанын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә