Танымал әнші Роза Әлқожа қазіргі мектептердің сапасы мен жарнамасы туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Қайырлы күн! Қалайсыздар?! Мектепке дайындалып жатырсыздар ма?! Биыл мектеп формасын алуға, студенттерді шығарып салуға дым қолым тимеді. Келін алғаным да дұрыс болған екен!" - деп жазған Роза Әлқожа былтыр балаларын берген мектептің қызмет сапасы сын көтермейтінін мәлімдеді.
"Былтыр бір мектепке IT мамандығы бар деп, әрі бізге тегін болғаны үшін балаларды ауыстырып едік, "арзанның сорпасы татымайды" болып қалдық. Бір бала адаптациядан өте алмай, өзін таппай қалды! Біреуінің сабағы нашарлап, бір жылда үш сынып жетекшісі ауысты ғой! Қой деп қызды қайта баяғы мектебіне ауыстырдым", - деп жазды әнші.
Сонымен қатар алғашында тегін немесе арзан деп алып, кейін бағасын өзгертіп жіберетін мектептер де бар екенін жасырмады.
"Жарнамасын жасатып алған соң бағасы миллион бірдеңе деп шығады екен ғой бұл ақылы мектептер. Жарайды, бастысы баламыздың санасы, сауаты дұрыс болсын!" - деп ағынан жарылды Роза Әлқожа.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!