Миллениум ұрпақтың ересектерден басты айырмашылығы неде екенін білесіз бе? Олар әлем шарлап, жаңа нәрсені істеп көруден қорықпайды. Сондай кейіпкеріміздің бірі - Даниял Ахметов, небәрі 22 жасында Дубайда Мишлен ұсынысы бар мейрамханада аспаз болып жұмыс істейді. Massaget.kz тілшісі Роналду, Димаш Құдайберген, Қайрат Нұртас, Сауд Арабия королінің отбасы сынды танымал адамдарға ас әзірлеген қазақ жігітімен сұхбаттасты.
Даниял Ахметов - Оралда дүниеге келген. 18 жасында өмірін күрт өзгертіп, аспаздыққа бет бұрған. Бір қызығы, диплом бойынша мамандығы - мұнайшы. Қазір ол Дубайда, Мишленнің Bib Gourmand номинациясы бар мейрамханада жұмыс істейді.
"Бала кезімде аспаз боламын деген ой болмаған, керісінше техникалық мамандықтарға, физика, математика, робототехника, астрономия сияқты салаларға қызығушылығым болған. Тіпті мектеп кезінде түрлі халықаралық жарыстарға қатысқанмын. Жастайымнан жұмысқа, жаңа білімге құштар болдым. 14 жасымда, әкемнің рұқсатымен алғашқы жұмысыма тұрдым. Ата-анам қарсы болған. Негізі жұмыс істеу мұхтаждықтан емес, құштарлықтан пайда болды. Алғашында құрылыста, көлік жуу кешендерінде, ойын автоматтарында оператор болып, жүк тасушы болып та жұмыс істедім. Тамақты да аса бір көп пісірмейтінмін", - дейді кейіпкер.
Даниял Ахметовтің өмірін өзгерткен шешім - 2020 жылы карантин кезінде суши орталығына жұмысқа тұруы.
"Алғашында 1 апта тек күрішті дұрыстап жуып, дұрыстап дайындауды үйреткен болатын, одан кейін суши-пицца жасап үйрендім. Сол жерде аспаз болғым келетінін түсіндім. Кейін Оралдағы италиялық мейрамханаға жұмысқа кірдім. Сол жерде асхананың не екенін түсініп бастадым. Бас аспаз түріме, қолыма қарап, "аспаз болу қолыңнан келмейді" деген. Намысыма тиді, сонымен тоқтамай жұмыс істеп, жаңа білім алып, ізденіп бастадым. Бір күні Алматыдағы Көктөбеде серуендеп жүріп әдемі мейрамхананы көрдім, нар тәуекел деп кіріп, бас аспазынан жұмыс бар-жоғын сұрадым. Бас аспазы Испанияда білім алған Жанар атты ханым, сол кісі мені жұмысқа қабылдап, нағыз шебер болуды үйретті, қазіргі жетістігім сол кісінің арқасында", - дейді ол.
Даниял Ахметов сол кезден бастап, тек атышулы мейрамханаларда жұмыс істеп, түрлі ивенттендерде, түрлі танымал адамдарға ас әзірлеген.
"Аспаз қиын жұмыстардың бірі ғой. Алайда маған шетелде бұл іс қиынға соқпады, себебі Қазақстанда "Auyl" мейрамханасында істеген тәжірибем әлемдік стандарт бойынша жұмыс істеуге көмек етті. Бұл жер шетелге шығуыма үлкен әсерін тигізді. Онда Louis Vuitton, Prada секілді компаниялардың кештерін өткізетінбіз. Сондай кештердің бірінде шетелге жұмысқа баруға ұсыныс түсті", - дейді ол.
Кейіпкер шетелге қалай кеткенін, жұмысқа қалай орналасқанын, ондағы қиындықтар туралы ашып айтты.
"Қазақстаннан 4 аспаз болып, Сауд Арабиясына әлі ашылмаған St.Regis қонақүйіне жол тарттық. Ол жердің ашылуын ұйымдастырып "preopening team"-да болдық. Қазір бұл арал - Сауд Арабиясының Малдиві және Роналдудың сүйікті аралдарының бірі. Басынан бастап жұмысқа білек сыбана кірістік, шетелдіктер біздің еңбекқорлығымызға таңғалған", - дейді ол.
Кейіпкердің айтуынша, бірде қонақүйде Сауд Арабия королінің отбасы тұрақтаған. Соның себебінен қонақүй бір аптаға жабылып, тіпті жұмысшыларды да шығармаған.
Сауд Арабиясында біраз жұмыс істеген аспаз ондағы бірнеше әділетсіздікке шыдамай, Біріккен Араб Әмірлігіне көшуге бел буған.
"Қолымда бар болғаны 52 мың теңге болды. Ешкімге айтпай бір күнде шешім қабылдадым, баратын жерім, істейтін жұмысым да болған жоқ", - дейді ол.
Алдыңа қиын таңдау түскенде әрқашан жүрегіңді тыңдау керек, себебі ол ешқашан алдамайды. Көз жұмып Дубайға көшкен жігіт бұрынғы жұмысынан да керемет мейрамхана тапты. Қазір ол аспаздар армандайтын Мишлен жұлдызына бір қадам тұр.
"Жалпы Мишлен бұл аспаздар мен мейрамханалар арасындағы Оскар, Грэмми, Алтын доп десек те болады. Аспаз болып бастағаннан арманым сол болатын. Сауд Арабиясынан Дубайға көшіп келгенде сондай Мишлен жұлдызы бар мейрамханаға жұмысқа тұрамын деп келдім. Міне, енді өзіме ұнайтын мейрамхана командасымен 1 ай бұрын Мишленнен "bib gourmand" номинациясын алдық. Қуанышымда шек болмады. Ендігі кезекте жұлдыз алу", - дейді кейіпкер.
22 жастағы Даниял шетелде қалғысы келмейді. Оның бар арманы - елде мейрамхана саласын дамыту. Ол "шетел аралап, түрлі мейрамханалар мен адамдарды көріп, тәжірибе алмасқым келеді" - дейді.
"Жалпы армандағанды жақсы көремін. Ең ауқымды арманым - Францияның төрінде 3 жұлдызды қазақ мейрамханасын ашу. "Жындының сандырағы келеді" дейді ғой, мүмкін болып та қалар. Тағы бір мақсатым - өз елімді жақсартып, менің саламдағы көп мәселені шешу", - дейді Даниял.
Бұл - мақсатқа жеткен жігіттің хикаясы емес, бұл - тәуекелге бел буып, арманына қадам жасаған жігіттің әңгімесі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!