Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, ЛГБТ мен феминита қауымдастығына қатысты мәселе көтерді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат бұл сауалды "шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың ащы дауысы" екенін де айтты.
"Қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы. Аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі", – дейді депутат.
Депутаттың сөзінше, 2 аптада 50 мыңнан аса қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға дабыл қағып, әрқайсына 11 мәжіліс депутаты қол қойып, сауал жолдаса да, бұл іске құқық қорғау органдары араласпаған.
"Еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық құрылтайының маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?! Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не?
Сонда қалай?! Әншейінде кез келген мәселені майшаммен қарайтын құқық қорғау органдары, ЛГБТ ұйымына келгенде "тәртіпті қауқарсыз" бола қала ма? "Малғұннан асқан мыстан жоқ, Азғыннан асқан дұшпан жоқ" екенін естеріңізге тағы салайын, ендеше", – деді ол.
Ринат Зайытов премьер-министрге үн қатты. Осылайша, депутат 2005 жылғы 18 ақпандағы "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" №31 заңның 1-бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!