Папа Рим Франциск өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақпан айының соңында бұқаралық ақпарат құралдары оның денсаулығы біршама жақсарғанын хабарлаған болатын. Алайда 23 ақпанда Ватикан Папа Римнің "сыни жағдайға" түскенін мәлімдеді. Ол "астма тәрізді тыныс алу жолдарының созылмалы тарылуынан" зардап шеккен. Кейінірек Ватикан оның жеңіл дәрежелі бүйрек жеткіліксіздігі анықталғанын нақтылады.
Дәрігерлер 14 ақпанда Папа Францискті ауруханаға жатқызып, бронхитке байланысты тексеріс пен ем жүргізген. Артынша екі жақты өкпе қабынуы (пневмония) диагнозы қойылғаны белгілі болды.
Жастау кезінде өкпесінің бір бөлігін алып тастаған Папа соңғы айларда ұзаққа созылған бронхит ұстамалары және басқа да денсаулық мәселелерімен күресіп келген.
Рим Папасының өлімінен кейін не болады?
Папа Рим қайтыс болғаннан кейін Ватиканда жаңа понтификті таңдау процесі – конклав басталады. Бұл ерекше рәсімге 80 жасқа толмаған барлық кардиналдар қатысады. Олар Ватикандағы Сикстин капелласына жиналып, сыртқы әлемнен оқшауланады. Осылайша, бүкіл дауыс беру кезеңі сол жерде өтеді.
Күн сайын төрт ретке дейін дауыс беру өткізіледі. Жаңа Папа сайлануы үшін үміткерлердің бірі үштен екі дауыс жинауы керек. Дауыс беру толық құпия түрде өтеді. Әр раундтан кейін бюллетеньдер өртеледі: егер Папа сайланбаса – капелланың мұржасынан қара түтін,ал сайланған жағдайда ақ түтін шығады.
Содан кейін Әулие Петр шіркеуінің қоңыраулары соғылады, және бүкіл әлемге: Habemus Papam – "Бізде жаңа Папа бар" деп жарияланады. Жаңа понтифик шіркеудің балконына шығып, халыққа батасын береді.
Папа Франциск пен оның Қазақстанға сапары
Папа Франциск 2022 жылы Қазақстанға келіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысты. Ол Астанада қасиетті месса (месса – католик шіркеуіндегі діни рәсім) өткізді. Сапары барысында Папа қазақтың домбырасын сыйға алып, Қазақстанның туын саясат пен дін арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттілігінің символы деп атады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет