Жазғы маусымда тұрғын үй нарығындағы жағдай қандай, қалай пәтерді қауіпсіз жалға алып, алаяқтардан сақтану керек деген сұрақтарға Tengri Life Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап жауап берді.
Қазақстанның өзін-өзі реттейтін Риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко оқу жылы басталып, қалаға студенттердің келуіне байланысты тамызда тұрғын үйді жалға алу бағасының өсетінін айтты.
"Жақын арада бағалар 10-15 пайызға көтеріледі. Баға тамызда көтеріліп, қазанда кенеттен төмендейді деп күту қателікү. Себебі студенттер кем дегенде мамырға дейін келеді. Олар қазір пәтерлерін ай сайын жалға алмайды", - деді ол.
Жалға алушылар алаяқтыққа жиі тап болады. Мұндай жағдай тұрғын үй нарығында көп кездеседі. Сарапшы жағдайдың алдын алу үшін тұрғын үй мен жылжымайтын мүлік иесінің құжаттарымен мұқият танысуды ұсынды.
"Жылжымайтын мүлікті көріп, жалдау шарты немесе депозит төлеу секілді қандай да бір келіссөздер жүргізген кезде, ең алдымен, кіммен келіссөздер жүргізіп жатқаныңызды тексеру керек. Кез келген келісім-шарт, мейлі ол депозит болсын, жалдау шарты болсын, меншік иесімен жасалуы керек", - дейді ол.
Жалға алушылар мен сатып алушылардың жиі жіберетін қателіктердің бірі - пәтердің құжаттар пакетін сұрағанда, пәтер иесінен жеке куәлікті сұрауды ұмытып кету. Пәтер құжаттарын тексеру мүлік иесінің жеке куәлігін тексеруден басталуы қажет.
Кез келген келісім жазбаша түрде жазылуы керек. Келіскен жағдайды нақты және ашық талқылау маңызды. Жазбаша түрде жасалған құжатқа екі тарап қол қойса, оның толық заңды күші болады.
Адамдар көп жағдайда ақша үнемдеу үшін делдалдардың көмегінсіз келіссөз жүргізуді жөн көреді, нәтижесінде алаяқ "риелторларға" алданып қалады, дейді Лукьяненко.
"Риелтордың қызметтеріне ақша үнемдегісі келетін жалға алушылардың көпшілігі пәтер иесін өздері тапқысы келеді немесе төмен бағадағы хабарландыруға сенеді. Хабарласып компанияға келгенде 10, 15 немесе 20 мың теңге алдын ала төлем жасап, пәтер иелерінің нөмірлерін алады. Ақыр соңында, алаяқтың құрбаны болғанын түсінеді", - дейді ол.
Риелторлық қызмет көрсету шарттарын мұқият оқып шығыңыз. Бұл жағдайда сіз үй үшін емес, тек байланыс нөмірлері үшін ақы төлеуіңіз мүмкін. Ақшаны қайтара алмайсыз, өйткені компания негізінен сізбен ақпараттық қызметтерді ұсыну туралы келісім жасаған, дейді сарапшы.
Алаяқтар тіпті тұрғын үйді жалға алуға сұраныс аз болған уақытта да айла-амалдар жасайтын көрінеді. Бұл туралы Қазақстанның өзін-өзі реттейтін Риелторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев айтты.
"Аудандар бойынша төмен және жоғары бағаларды көрсететін хабарландыру сайттары бар. Кейбір хабарландыруларда бағалар өз бағасынан 25-30 пайызға төмен көрсетіледі. Әрине, мұндай ұсынысқа тезірек жалдау туралы ойлап, барлығы хабарласады. Алаяқтардың мақсаты - жалға алушыны асықтыру, өйткені төмен бағаны көргеннен кейін көптеген адам мүлікті алуға асығады, ал алаяқтар өз кезегінде басқа адамдардың ақшасын тезірек иемденеді. Осылайша, алаяқтар көбінесе келісім-шартсыз біреудің меншігіндегі пәтерді жалға береді", - деді спикер.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!