Риддерде жүргізуші баланы қағып, оқиға орнынан қашып кетті

Көпқабатты үйдің ауласында 6 жасар баланы көлік қағып, оқиға орнынан таса болған. Оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші кейін табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Мән-жай

Мәліметке сәйкес, жол апаты 23 желтоқсанда күндіз 4-шағынауданда болған.

"Алты жасар бала подъезден жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан көліктің астына түсті. Соққыдан бала бірнеше метрге ұшып кеткенімен, орнынан тұра алған. Жүргізуші сыртқа шығып, баламен сөйлескен де, өз ойынша "бәрі дұрыс" екеніне көз жеткізген соң көлігіне мініп, кетіп қалған", - делінген материалда.

Оқиғаны куәгерлер көрген, олар апат туралы жергілікті чатта жазған. Ауладағы бейнебақылау камералары соқтығыс сәтін түсіріп алған. Ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті пікір берді.

Полиция мәліметі

"23 желтоқсанда Риддер қаласында Lada X-Ray автокөлігінің жүргізушісі тұрғын үйлердің бірінің маңында кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізілді", - деді ведомство.

Полицейлер жүргізушіні тауып, бөлімшеге жеткізген, ал көлік мамандандырылған тұраққа қойылған. Тиісті сараптамалар тағайындалып, нәтижесіне қарай процестік шешім қабылданатыны айтылды.

Баланың жағдайы

Басылым дерегінше, қала әкімдігі баланың жағдайы тұрақты екенін хабарлаған. Дәрігерлер кеуде тұсының соғылғанын анықтап, қажет көмек көрсеткен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!