- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Риддер жылу желілерін...
Риддер жылу желілерін жөндеуге қанша қаржы бөлінді?
Премьер-министр Олжас Бектенов Риддердегі жұмыстарды күшейтуге Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Риддердің жылу желілерінде былтыр жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары олардың тозу деңгейін 78,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда бұл тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін әлі де жеткіліксіз. Жалпы алғанда, өткен жылыту маусымында жылу желілерінде 25 технологиялық бұзушылық дерегі тіркелді, соның салдарынан тұтынушылар үшін шектеулер енгізілді.
Кейінге қалдыруға болмайтын қажетті шұғыл жұмыстарды ескере отырып, ҚР Үкіметі резервінен Риддер қаласының "Водоканал" ШЖҚ МКК жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл олардың тозу деңгейін жарамды көрсеткіштерге дейін жеткізуге және қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 50-ден астам учаскеде жұмыстар жүргізілмек.
Еске салайық, бір айдан аз уақыт бұрын ҚР премьер-министрі Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін реконструкциялауға қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойған болатын. Атап айтқанда, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,9 миллиард теңге бөлінді.
Жалпы алғанда, жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары аясында Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногорск, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланып отыр.
Республиканың жылу көздері мен жылу желілерін кешенді түрде жаңғырту мәселесі ҚР Үкіметінің тұрақты бақылауында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек