Премьер-министр Әлихан Смайылов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Онда орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшылары қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия Риддер қаласындағы ЖЭО-ның айналасында қалыптасып отырған жағдайды қарастырды.
Өткен жылдың қазан айынан бастап станцияда бірқатар апат болып, соның кесірінен қала тұрғындарын жылумен және электрмен жабдықтауда іркілістер болды. ЖЭО-ның бұрынғы иелері оны жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция салмағандықтан, станцияның техникалық жай-күйі әбден тозып бітуге айналған.
"Биыл Үкімет резервінен және облыс әкімдігінен бөлінген қаражат есебінен станцияның барлық 6 қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 3 қазандық бойынша іске қосу жұмыстары жүріп жатыр, тағы 3 қазандықты жөндеу жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
ЖЭО-ның жаңа меншік иесімен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша инвестор кәсіпорынның барлық қарызын өтеп, станцияны әкімдіктің коммуналдық меншігіне береді деген уағдаластыққа қол жеткізілді", - делінген хабарламада.
Премьер-Министр ЖЭО-ны жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін барлық қажетті ұйымдастару-құқықтық жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз