Алаяқтық фактісі бойынша Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшыларына қатысты істі ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті тергеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, аса ірі көлемде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген деген күдікке ілінді.
Тергеу барысында ЖЭО жабдықтарының тозуы және жылу энергиясын берудегі бірнеше рет істен шығуына жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражаттың жүйелі түрде ұрлануы себеп болғаны анықталды.
2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісім-шарттар жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынған.
Тергеу барысында қабылданған шаралар мен ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкімет жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде Риддер қаласындағы жылу энергиясын өндіру станциясын мемлекет меншігіне беруден келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз етті, оның құны шамамен 5,5 млрд теңге.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз