Қазақстанда жануарларға қатысты заңға өзгеріс енгізіледі. Мәжіліс "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және жануарларға ізгілікпен қарауға бағытталған. Соның ішінде ұсталған жануарларды қайта жібермеу үшін оларды уақытша ұстау пункттеріне міндетті түрде тапсыру ұсынылып отыр.
"Иесіз жануарларды мемлекеттік бюджет есебінен вакцинациялау нормасы алып тасталады. Бұдан бөлек, қараусыз жүрген жануарлардың санын реттеу көзделген. Оның ішінде жұртшылықтың денсаулығын қорғау және ауру таралуының алдын алу үшін эвтаназия қолдану мүмкіндігі де қарастырылады. Бұл қызмет жануарларды аулаумен айналысатын жергілікті атқарушы органдарға бекітіліп, олардың өкілеттігі кеңейтіледі", - деп жазылған хабарламада.
Құжат үй жануарларын есепке алу жүйесін дамытуды да қарастырады. Яғни чиптеуді міндетті түрде енгізу, жануарлар тіркелген жағдайда ғана көбейту талаптары белгіленеді. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау құқығы бекітіледі, осылайша қоғам өкілдері жануарлардың панажайлары мен оларды уақытша ұстау пункттеріне баруға мүмкіндік алады.
Заңды қарау барысында депутаттар "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Ветеринария туралы" заңдарға да өзгерістер енгізген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!