- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Рейстердің кешігу мәселесі...
Рейстердің кешігу мәселесі қашан шешілетіні айтылды
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев елімізде әуе рейстерінің кешігу мәселесі қашан шешілетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алдымен министрдің орынбасары бұл мәселе әлемде өзекті екенін атап өтті.
"Еліміздегі әуе компанияларға 12 жаңа борт жеткізіледі деген жоспар бар. Оның сегізі жеткізілді, жылдың аяғына дейін төрт борт келеді. Жалпы рейстердің кешігуі әлемде бар проблема", - деді Талғат Ластаев.
Оның сөзіне сенсек, Қазақстандағы әуежайлардың жөндеуге жабылуы жағдайды ушықтырған.
"Биыл тамызда бірнеше әуежай жөндеуге жабылды. Мысалы, Астана әуежайын алайық. Ол түнде жұмыс істемейді. Сондықтан күндізгі рейстердің саны саны 20-25-ке дейін өсті. Бұрын әуежай 24 сағат жұмыс істегенде 10-12 рейс қонатын.
Қазір Ақтөбе әуежайындағы ұшу-қону жолағы жөнделіп жатыр. Ақтау әуежайында да жөндеу жұмыстары басталды. Олар қысқа дайындалуда", - деді вице-министр.
Сондай-ақ Талғат Ластаев қолайсыз ауа райы да жағдайға теріс әсер еткенін атап өтті.
"Жақында елордада бұршақ жауғаны белгілі. Сол уақытта бірнеше ұшаққа зақым келді. Мысалы, Қазақстан әуе компанияларында жалпы 101 ұшақ бар. Оның ішінде 10 ұшақ әртүрлі себеп бойынша ұшпай тұр. Оның ішінде бесеуіне бұршақ жауғанда зақым келді. Бүгінде олар жөнделді, ұшып жүр. Осы уақытта рейстердің кешігуі көбейді", - деді вице-министр.
Министрдің орынбасары күздің ортасында мәселе біртіндеп шешілетінін айтты.
"Астана халықаралық әуежайы 20 жыл бойы жөнделмеген. Бүгінде 100 мың шаршы мертрде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі айдың ортасына дейін жұмысты бітіреміз. Осыдан соң рейстердің кешігуі өз ретіне келеді", - деді Талғат Ластаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында FlyArystan рейсіне кешігіп қалған жолаушылар бүлік шығарған болатын. Желіде видео тарады.
Кадрда бір топ жолаушының тіркеуге арналған орынды қоршап тұрғанын көруге болады. Кейбіреуі айғайлап, техникаларды қирата бастаған.
Әуе компаниясы видеоға қатысты пікір білдірді.
"Видеодағы жолаушылармен болған жанжал шешіліп, олар Астанаға келесі рейспен ұшып кетті. Алайда әуе компаниясы жолаушылар деструктив мінез-құлық үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертеді", - деп хабарлады Fly Arystan баспасөз қызметі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен