- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Республикалық бюджет туралы...
Республикалық бюджет туралы заң қабылданды
Мәжіліс депутаттары "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мәліметі бойынша аталған заң жобасы әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әзірленген. Оған сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 5,3 пайыз деңгейінде, кейіннен 2026-2028 жылдары 6 пайызға дейін өседі деген болжам бар.
Алдағы орта мерзімді кезеңге ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны – 5,8 пайыз. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 триллион теңгеден 2028 жылы 218,5 триллион теңгеге дейін өседі.
"Базалық сценарийде мұнайдың бағасы бір барреліне 80 доллар деңгейінде айқындалды.
Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2024 жылы 6-8 пайыз шегінде, 2025 жылы – 5,5-7,5 пайыз, 2026 – 2028 жылдары 5 пайызға дейін төмендейді", - деп жазылған қорытындыда.
Республикалық бюджет шығыстарының 2024 жылы – 23,9 триллион теңге, 2025 жылы – 23,8 триллион теңге, 2026 жылы 25,1 триллион теңгеден асады.
Республикалық бюджет тапшылығы 2024 жылы – 3,5 триллион теңге, 2025 жылы – 3,6 триллион теңгед, 2026 жылы 3,9 триллион теңге болады деген болжам жасалды.
Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстанның Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасы да қабылданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан