Әлеуметтік желілерде 24 және 25 қазанда орталық алаңдарда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингілерге қатысу туралы жалған хабарламалар мен арандатушылық үндеулер таралып жатыр. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бұл күндері осы жерлерде қандай да бір митингілер өткізу келісілген жоқ. "Республика күнін" мерекелеуді ескере отырып, тек ресми мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін болады. Осыған байланысты осы жалған хабарламалармен жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сондай-ақ, оларға шақыру заңсыз. Өкінішке қарай, митингілерді немесе өзге де бейбіт жиналысты өткізудің заңды тәртібін бірнеше рет түсіндіруге қарамастан, оны бұзу орын алып жатыр. Бұл тәртіп 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңмен регламенттелгеніне назар аударамыз", - делінген хабарламада.
Заң талаптарын бұза отырып, өткізілетін митингілерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (3 - баптың 3-тармағы) заңсыз және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамаққа алу көзделген.
Мысалы, 15 қазанда Алматы қаласында заңсыз митингке қатысуға шақырған осындай үндеулер үшін А. есімді ер адамға сот Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-бөлігі бойынша 15 тәулікке қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза қолданды. Осындай құқықбұзушылық үшін биыл 12 қазанда Алматы облысында Д. есімді ер адам 15 тәулікке қамаққа алынды.
"Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!