Танымал айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай Instagram-парақшасында Аягөзде өрт кезінде қаза тапқан 4 балаға арнап өлең шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Аягөзім, мақтан етем атыңды
Перзентің боп толтырып ем сапыңды.
Кеше бірақ сенде болған сұм жағдай
Жанымызға тырнақтарын батырды.
Халық күткен Республика күнінде
Салют емес, газ балоны атылды.Тауларың да үнсіз қалды айбынды
Өзенің де жылап жатыр айдынды.
Азық іздеп, күнін көрген ата-ана
Бір-ақ сәтте төрт баладан айрылды.
Кім жазады жүрегіңнің жарасын?!
Кім кетірер қара бұлттай қайғыңды?!Сүйінші емес, хабар келсе қаралы
Құса мұңға толған жаның жаралы.
Жағдай жасап, көмек берсе үкімет
Ата-анасы қалдырар ма баланы?!
Әлеуметтік көмегінен айырып
Кімдер екен жұмыс істеткен ананы?!Ей, әкімдік, қандай ауыр уақиға
Сау басыңа тілеп алдың сақина.
Сәбилерден үнемдеген қаражат
Төрт баланың тағдырына тати ма?!
Ата-ананы жұбатарсың не сөзбен
Балаларын аттандырған бақиға?!Өз халқыңның біле алмасаң қадірін
Болашақтың шапқаның ғой тамырын.
Көңіл айтам Әке менен Анаға
Сынақтардың көріп жатқан ауырын.
Үміт күткен ұрпағымен бір күні
Жәннат бақта жолықтырсын Тәңірім!" - деп жазған ол.
Еске салайық, Абай облысы Аягөзде өрт кезінде бір үйде 8 жастағы егіз мен олардың 3 және 2 жасар інілері көмірқышқыл газынан уланып қаза болды. Жекеменшік үйде өрт шыққан. Балалардың ата-анасы оқиғадан кейін ес-түссіз халде.
Бұл отбасын жақсы білетін Аягөздік тұрғын Жанардың айтуынша, әкесі - Бауыржан Аягөз қаласындағы Қазығұл ауруханасында жедел жәрдем көлігін жүргізуші. Анасы Арай Наурызбаева жұмыссыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!