Республика күні неге 25 қазанда атап өтіледі?

Республика күні деген не? Қазақстанда ол неге 25 қазанда атап өтіледі? Massaget.kz тілшісі Республика күні деген не екенін түсіндіріп, бірқатар ел оны не үшін атап өтетінін түсіндіреді.

Қазақстан неге 25 қазанда атап өтеді?

Қазақстанда Республика күні 25 қазанда атап өтіледі. Ол еліміздегі жалғыз ұлттық мереке саналады.

Республика күні әдетте мемлекет өзін республика деп жариялаған күні не әр елдің ажырамас атрибуты - ел Конституциясы қабылданған күні атап өтіледі. Көбіне "Республика күні" елдің басты мерекелерінің бірі болып саналады.

Жалпы, республика дегеніміз - барлық мемлекеттік орган белгілі бір мерзімге сайланатын және жалпыұлттық өкілді институттармен (мысалы, парламент) басқару формасы. Онда тұрғындар азаматтық және саяси құқықтарға ие болады. Республикалық басқару формасы ретіндегі ең маңызды белгісі - мемлекет басшысын сайлау және ауыстыру, онда билік мұрагерлік жолмен берілмейді.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды.

Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.


Фото: e-history.kz

Ал 1995 жылы 18 қазанда Президенттің "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Жарлығымен 25 қазан Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі - Республика күні болып жарияланған.

2001 жылы ол мемлекеттік мереке статусын алса, 2009 жылдан бастап ол мүлде атап өтілген жоқ. Тек биыл қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта енгізіп, оған ұлттық мереке статусын берген.

Әлем елдері неге Республика күнін атап өтеді?

Әлемнің бірқатар елінде Республика күні атап өтіледі. Мысалы, Түркияда Республика күні 29 қазанда атап өтіледі. 1923 жылы дәл сол күні мемлекеттің Конституциясына өзгерістер енгізіліп, ел республика болды. Бұл Осман империясының түпкілікті күйреуіне әкелген. Түркия тұрғындары бұл күні түрлі шоу ұйымдастырады, отшашу атылып, әскери шерулер өтеді, халық көшелерде серуендеп, көңіл көтереді.


Фото: istanbul-life.info 

Беларусьте Республика күні 1996 жылдан бері 3 шілдеде тойланады. Ұлы Отан соғысы кезінде бұл күні Минск неміс әскерилерінен босатылған болатын.

Бразилияда 15 қарашада Республика күні өтеді. 1889 жылы дәл осы күні император тақтан тайдырылып, жаңа республика - Бразилия Құрама Штаттары жарияланған. Енді жыл сайын ел тұрғындары үшін бұл демалыс күні және республикадағы басты мерекелердің бірі саналады.


Бразилиядағы Республика күні. Фото ABr сайтынан

Осы секілді 1 қазанда Қытай Халық Республикасы да осы мерекені атап өтеді. Тунис пен Португалияда монарх билігі құлаған күн. Оңтүстік Африка Республикасы мен Мальтада бұл - Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған күн.

Ал Албанияда Республика күні 1946 жылдан бері 11 қаңтарда тойланады. Сол кезде фашистік режим орнына келген коммунистер Албания халық республикасын жариялаған.

Ал Исландияда Республика күні 17 маусымда атап өтіледі екен. Бұл ел тәуелсіздігін алуға зор үлесін қосқан Йоун Сигурдссонның туған күні екен.

Нигер Франция колониясынан босап шыққан күнді Республика күні деп атап өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!