Республика күні: мерекенің мәртебесін қайтару қаншалық дұрыс болды?

Қазақстанда 25 қазанда ұлттық мереке - Республика күні атап өтіледі. Бұл мереке 13 жыл бойы тойланбады. Алайда 2022 жылы Президент Республика күнін мерекелер тізіміне енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Сонымен биыл елімізде Республика күні үшінші рет тойланады.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Құжат қабылданғаннан кейін елдің жеке аумағы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Осылайша, Қазақстан аумағының егемендігі мен тұтастығы саяси, заңды және экономикалық тұрғыдан негізделді.

Сөйтіп, 2001 жылы 25 қазан мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Сегіз жылдан кейін ол 2009 жылы экс-президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. 2022 жылы 16 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Осы тұста Massaget.kz тілшісі тарихшы Мэлс Қайырбекұлы мен саясаттанушы Аман Мамбетәліден мерекенің мәртебесін қайтару қаншалық дұрыс болғанын сұрады.

Тарихшы не дейді?

Мэлс Қайырбекұлының айтуынша, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған декларация Қазақстанның тәуелсіздік алуына жасалған алғашқы қадам болды. Құжатқа қол қойылып, жүзеге асырыла бастағаннан кейін президент ішкі және сыртқы мәселелерді шеше бастады.

"Республика күні мерекесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тойланып келді, кейін мейрамды мәртебесінен айырған болатын. Бұл 1990 жылы 25 қазандағы Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күні. Мерекені қайтару дұрыс шешім болды деп ойлаймын, өйткені өсіп келе жатқан ұрпағымыз ел тарихын білуі өте маңызды, сонымен қатар бұл тәуелсіздік алу жолындағы алғашқы қадам болды. Тәуелсіздікке 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткізсек, бұл - соған дейінгі бастапқы қадамның бірі. Яғни Қазақ КСР өзінің егемендігіне ие болып, президент ішкі мәселелерді шеше бастады. Кейбір сыртқы мәселелерге жауап бере алатындай деңгейге жетті. Бұл мерекенің маңызы зор, себебі тарихты білмей, болашақты болжау мүмкін емес", - деді ол.

Ол сонымен қатар мерекенің маңызын түсіндірді.

"Республика күні мерекесі тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылуының алғашқы қадамы. Осыдан бастап іргесін нығайтып, тәуелсіз, егеменді ел ретінде әлемге танылуына бастама болды. Сондықтан мереке тарихта айтарлықтай орын алады. Бұл орынды шешім болды деп ойлаймын. Тарихи тұрғыдан да, идеологиялық насихатта да айтулы күн болып қалады", - деді ол.

Тарихшы Республика күнінің әрбір қазақстандық үшін айрықша болуының себебін де ашты.

"Егемендік жарияланғаннан кейін және тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытта болған оқиғаларды айтатын болсақ, 1991 жылы Қазақстан өзінің алтын және алмас қорын құруға мүмкіндік алды. 1991 жылы 29 тамызда экс-президенттің шешімімен Семей полигонының жабылуы да сол декларация қабылдағаннан кейін болған оқиға. Одан кейін алғашқы ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің де 1991 жылы 2 қазанда ғарышқа ұшуы декларацияның жемісі. Сондықтан маңызды деп есептеймін. Бұл 1991 жылы болған оқиғалар болғанымен, бір жыл бұрын құжат қабылданғаннан кейін тәуелсіздік жарияланбай тұрып болған оқиғалар, сондықтан мерекені айрықша деп есептеймін", - дейді маман.

Саясаттанушы не дейді?

Аман Мамбетәлі 90-жылдары өте қиын заман болғанын айтады, себебі бұл кезеңде жаңа геосаяси құрам жиналып, олардың жаңа құрылымы енгізіліп жатты.

"Міне, сол кезде елді басқарып отырған басшылар 25 қазанда декларация қабылдады. Заң бойынша Қазақстан сол күннен бастап жеке саясатын ұстанды. Соның ішінде бірінші мақсат мемлекетті унитарлы қылу болды. Екінші мақсат - тәуелсіз қазақ мемлекетін құру. Тарихта бұл өте маңызды процесс. 16 желтоқсан тәуелсіздік күн болып қабылданғанымен, бұл процесс 25 қазанда басталып, нақты тәуелсіздік қабылданғанға дейін жалғасты. Мұны әрбір қазақтың білуі тиіс, өйткені кейбіреулер "Қазақстан Кеңес Одағынан ең соңғы болып шықты" деп ойлайды. Осындай қате пікір қалыптаспауы үшін декларацияның қабылданған уақытын ашық айтуымыз қажет. Сол үшін 1990 жылы 25 қазан бүгінде жалғыз ұлттық мереке болды. Осыған байланысты мерекенің мәртебесін қайтарғаны өте дұрыс шешім болды деп санаймын", - деді саясаттанушы.

Саясаттанушы мерекенің маңызын бір ғана бөлікке бөлу дұрыс емес деп есептейтінін жеткізді, өйткені бұл бір оқиғаның ғана құрметіне қабылданған мереке емес.

"Осы күннен бастап мемлекет тәуелсіздікке қарай бағыттады. Осыдан бері Қазақстанның саясаты қалыптасты, өйткені біздің ата-бабаларымыз осы күнді армандады. Бірнеше толқын мықты азаматтар мен зиялы қауым осы күн үшін біраз еңбек етті. Сондықтан да Республика күні мерекесінің маңызы өте жоғары деп ойлаймын. Мерекені қарапайым бүлдіршіннен бастап, биік лауазымға ие азаматтарға дейін қабылдауы шарт", - деді ол.

Аман Мамбетәлі Ескі Қазақстандағы саяси модель қазіргіден өзгеше болғанын айтты.

"Халық саясатқа араласпайтын еді, мемлекет ол үшін халықтың жағдайын жасайтын. Ал Жаңа Қазақстанның іске қосып отырған саясаты, бұған дейінгі бірнеше саяси реформаның ашық түрде жүргізілуінің мақсаты - авторитарлы жүйеден бас тартып, ол жаққа ешқашан қайта оралмау. Халықтың саясаттан білімі төмен болғандықтан, республика, демократия дегенді түсінбей жатады. Республика мен демократия дегеніміз бір нәрсе емес, республика - жоғарғы билікті халық сайлайтын басқару нысаны. Қазақстанда халықтың таңдау жасауға құқығы бар. Сондықтан Республика күні өте маңызды. Бізде әр азаматтың болашағы мен оның қызығушылығына мән беріледі, олардың құқығы конституцияда жазылады", - деп түсіндірді маман.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!