Республика күні қарсаңында "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Республика күні қарсаңында "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

"Қазақстан" орталық концерт залында "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы - елімізде жанұя құндылықтарының ролін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды оқиғалардың бірі. 2014 жылдан бері байқауға 20 мыңнан аса отбасы қатысқан.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева салтанатты шараның ашылу барысында байқау жеңімпаздарына Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді.

"Жыл сайын өткізілетін байқау шаңырағы шаттыққа бөленіп, берекелі бірлік пен татулыққа ұйыған өнегелі отбасыларды күллі елге танытты. Мұндай үлгілі әулеттер елімізде өте көп.  Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрлерін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету - біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша ықпал етеді. Әке-шешенің, ата-әженің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады", - делінген құттықтауда.

Биыл байқауға 2542 отбасы қатысты. Олардың жартысынан астамы (63,4 пайызы) - ауыл тұрғындары. Сондай-ақ, 1166 табысты көпбалалы және ерлі-зайыптының екеуі де 29 жасқа толмаған 501 жас отбасы қатысты. Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінің, спорт және шығармашылық жанұя өкілдерінен құралған 20 отбасы өңір жеңімпаздары атанды.

"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы үлкенге құрмет, кішіге ізет рухани-адамгершілік қағидасына негізделген және оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді көздейтін отбасы құндылығын дәріптеп келеді.
Барлық отбасының әрбір мүшесі - ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестерінің, көрші-қолаңның құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбеккерлері.

Марапаттау рәсіміне мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері қатысты.

 

Жеңімпаз отбасылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсімі қазақ эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова