2022 жылдан бастап "Республика күні" ұлттық мерекелер сапына қайта қосылған болатын. Жалпы бұл күннің маңызы қаншалықты? Қалай тойлану керек? Атаулы күннің қадіріне жете алып жүрміз бе? Massaget.kz тілшісі ұлттық мерекенің қарсаңында қоғамдық салмағы бар тұлғалармен тілдесіп көрді.
ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев "Республика күні" барлық БАҚ құралдарында ұлттық мереке ретінде ұлықталуы тиіс" дейді. Сонымен қатар осы құжаттың қабылдануына сеп болған тарихи оқиғалар мен тұлғаларды тілге тиек етті.
Егемендік декларациясының қабылдануына депутаттар сеп болды
"Декларацияның қабылдануына сеп болған Қазақ ССР-інің 12 шақырылым депутаттары болатын. 1990 жылы наурызда 360 депутат сайланды. Бұған дейінгі сайлауларда коммунистік партия депутаттарының кім болатыны алдын ала белгіленіп қоятын. Ал 12-шақырылымда 360 депуттаттың 90 депутаты қоғамдық ұйымдардан, шығармашылық одақтардан, ғылыми мекемелерден сайлануына мүмкіндік берілді. 24-сауірде алғашқы съезі өтті. Дәл осы 12-шақырылым депутаттары тарихи 7 құжат қабылдады. Оның бірі Қазақ ССР-інің президенті қылып Нұрсұлтан Назарбаевты сайлауы, ал екіншісі дәл осы егемендік декларациясы болатын" дейді тарихшы.
Мемлекеттік тіл "Орыс тілі" болуы мүмкін еді
"Депутаттар 1990 жылы күзгі сессияға жиналған кезде егемендік декларациясын қабылдау керек деген сөз шықты. Өйткені сол кезде барлық республикалар өзінің егемендігін жариялап қойған болатын. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғысы келген белсенді 50 шақты депутат "Жаңа Қазақстан" деген депутаттық топ құрды. Олар Қазақстан тәуелсіздігі туралы декларациясын өздері жазып газет бетіне шығарып жіберді. Ол ұсыныс бойынша болашақта ҚР азаматтық қоғам болады. Қазақ қоғамы болмайды. Екіншіден орыс тілі мемлекеттік тіл болатын болды. Сол кезде көзі ашық қазақ азаматтары жоғары кеңеске хат жазды. Осыдан қорыққан жоғары кеңес өзінің жобасын дайындады. Басқа бір депутаттар тобы тағы бір декларацияны жазып шығады" деп еске алды Берекет ағамыз.
Декларацияның қабылдануына кімдер сүбелі үлес қосты?
Тарихшының айтуынша, "Заңгер Салық Зиманов бастаған 10-15 депутатқа осы 3 декларацияның негізінде бір ортақ тұжырымды жазып шығу тапсырылды. Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Сұлтан Сартаев, Жабайхан Абдильдин, Сағадат Нұрмағанбетов сынды білімді адамдар қызыл кеңірдек болып, айқайласып жүріп жазып шықты. Өзге депутаттардың қарсылығына қарамастан білімділігімен дәлелдеп шықты. Сол декларацияда жаңадан құрылатын ел "Қазақ ұлтының" мемлекеті болады, мемлекеттік тіл қазақ тілі болатыны айтылды. Жердің үстіндегі, жер астындағы байлық Қазақ халқына тиесілі болатыны қарастырылды. 261 адам қолдады. 18 депутат қарсы болды. 2 депутат қалыс қалды".
Тарихи құжат қабылданғанда көзіне жас алғандар болды...
Сол кезеңді еске алған тарихшы "25 қазан кешкі сағат 19:00 шамасында "Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданады. Салық Зимановтың сөзіне ешкім қарсылық келтіре алмады. Есептеу комиссиясының құрамында болған Асқар Жұмаділдаевтың естелігінде: Декларация туралы заң қабылданған кезде біреулер бірін бірі құшақтады, біреулер көзіне жас алып жатты, - деп айтқан болатын. Сондай интеллектуалдық соғыстың нәтижесінде қабылданған тарихи құжат болатын" дейді.
Ал дәл осы тарихи құжаттың өмірге келуіне тікелей араласқан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылымының депутаты ретінде Нұрлан Оразалин өз тоқтамын былай жеткізді.
Тәуелсіздікті бермеу үшін "Мәскеу" айлаға басты
"Ұлы Даланың толық тәуелсіздік мәселесін Парламенттің талқысына қойып, ресми мәлімдеуі Солтүстіктегі Орталықты қалай алаңдатса, әлем жұртшылығының назарын да өзіне жалт қаратқан болатын. Мәскеу айлаға басты. Іштен де, сырттан да алуан-алуан әрекеттерге барып, қатерлі сценарийлерді іске қосуға ұмтылды. Оралдағы казачестоның бүлік жасамақ болған әрекеті…Солтүстіктегі “горькая линияны”ұйқысынан оятуға ұмтылуы… Шығыстағы “левый”, ”правый” берег Иртыша” дегенді желеу етіп, Алтай автаномиясын құру мәселесін көтеруі сол “азғырудың” көріністері еді…
Бұл жәй ғана құжат еді ғой. Неге сонша қызу талқыға түсті?
Егемендік декларациясын талқылау тартысты өтті. Жер, Тіл, Ел тәуелсіздігін қамтамасыз етер проблемалардың оң шешілуі орталыққа ұнамады. Сондықтан болашақта ресми тәуелсіздік туралы конститутциялық алып барар жолды жабу үшін әлгіндей қитұрқы әрекетерді іске қосып, ел ішіне соғыс өртін салуға күш салды. Біреулер айтады бұл жәй қағаз болды дейді. Әрине декларация деген бұл заң емес қой. Бұл өзіңнің қалауыңды, өзіңнің мақсатыңды айту деген сөз. Бірақ соның өзі Кеңестер Одағы дейтін кеңістікте мұндай сауатты қағаз әлі еш жерде шыға қоймаған болатын. Өйткені бұл "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заңның алғышарты болған тарихи құжат болатын" дейді.
Егемендік декларациясында көтерілген ең негізгі мәселелер қандай?
"Ең негізгі дау тілдің айналасында өрбіді. Екі тіл болу керек болды. Бірақ кейін 1990 жылғы конституцияға мемлекеттік тіл қазақ тілі болып кірді. Екінші мәселе шекараны сақтап қалу туралы ашық айтылды. Шекараны бекіту жөнінде "географический целостность" деген сөзді көтерді. Саяси географиялық картамызды шегендеп алу керек болды. Кейіннен соның бәрі жүзеге асты ғой...
Азаматтық қоғам орнату туралы қазақтың жігіттері айтты
Қазақстанның жеріне азаматтық қоғам орнату туралы қазақтың жігіттері айтты. Бұл азаматтық қоғам деген қайда апарады? Көп ұлттың өкілдері тұратын қазақстан үшін бұл қауіпті. Қазақстан өз жерінде аштықты, репрессияны, құрбандықты көрді. Жартысынан көбі қырылып қалды. Сондай жерде өзінің конституциялық мемлекеттігін сақтап қалмаса онда бұл кеңістік ертең дүбәрә, қазақтың тілі мен дәстүрінен жұрдай болады деген әңгімелер айтылып жатты" деп еске алды Нұрлан Оразалин.
Ал саясаткер Дос Көшім "бұл тарихи әділеттіліктің қайтарылуы" деп есептейді.
"Менің ойымша бұл тарихи әділеттіліктің қайтарылуы. Бұл қазақстандағы ең негізгі ұлттық мереке болуы тиіс. Республика күні тұрмақ Тәуелсіздікті не үшін алғанын да білмейтін адамдар бар. Тәуелсіздік жарияланған 16 желтоқсан 17-сі күнгі желтоқсан көтерілісімен қабаттасып келді. Сол уақытта декларацияны Тәуелсіздік күні деп қабылдаған дұрыс болар еді", - дейді ол.
Халқымыз 300 жыл күткен мереке екенін түсіне алмай жүрміз...
"Халықтық мереке биліктің пәрменіне қарамайды. Менің есімде. 1916 жылғы көтерілісті республика атап өткісі келген жоқ. Неге екені белгісіз. Ал Алматы облысындағы Кеген мен Нарынқол ауданы көтеріліс күнін өздері атап өтті. Тура осы сипатта Республика күні тойлануы тиіс. Халықтың өзі 25-і күні көшеге шығуы керек. Жылқы союы керек. Алайда біз бұл күннің халқымыз 300 жыл күткен мерекесі екенін жіті түсіне алмадық. Сондықтан бұл мереке жоқ дегенде наурыз мейрамы, айт мерекесі секілді тойлануы керек" дейді саясаттанушы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!