Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда қаза тапқан адамдардың тізімін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Қаңтар оқиғасында қаза тапқан тұлғалардың тізімін Бас прокуратура сайты жариялады.
Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан болатын. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталған. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылған еді. 4 қаңтарда өзге де қалаларда бірден жаппай тәртіпсіздік басталған.
Кейінірек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойған. Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізілген еді.
5 қаңтарда үкімет отставкаға кетті, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, сұйытылған газ, бензин және дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу енгізілген. Алайда толқу күшейе түскен болатын. Алматы қаласы қатты зардап шеккен. Бүлікшілер әкімдік ғимаратын өртеп жіберген, Президент резиденциясын басып алған, дүкендерді, сауда орталықтарын, банк кеңселері мен банкоматтарды қиратып, тонаған болатын.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, "Қазмұнайгаз" бен "Қазақгаз" кәсіпорындары кінәлі екенін айтқан еді.
Қазақстандағы тәртіпсіздіктерден бизнеске келтірілген шығын 12 қаңтарда 100 миллиард теңгеден асқан. 11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үкімет мүшелерін тағайындаған болатын.