Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстанға көшіп келушілер санының көбеюіне байланысты ІІМ Көші-қон қызметі комитеті ресми түрде мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстанда көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі және болуының, сондай-ақ, олардың Қазақстан Республикасынан кету қағидалары және көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидалары негізінде жүзеге асырылатын көші-қон бақылаудың жеткілікті тиімді жүйесі жұмыс істейді.
Заңнама шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібін нақты реттейді. Көші-қон заңнамасының талаптарын елемей, бірде-бір шетел азаматының мемлекетіміздің аумағында мерзімсіз тұрақтау құқығы жоқ", - делінген хабарламада.
Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердің азаматтары үшін көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында тұрақтауына рұқсат етілген мерзімі жалпы ереже бойынша ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 90 күн өткен соң аяқталады.
Көшіп келушілерді тіркеуді ішкі істер органдары қабылдаушылардың мәліметтері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен бірыңғай дерекқорға уақтылы келіп түсетін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері негізінде жүзеге асырады.
Статистика бойынша, биыл Қазақстанға шамамен 4,3 миллион шетел азаматы келіп, елден 4,1 миллион адам кетті, оның ішінде 1 миллион 660 мың Ресей Федерациясының азаматтары елге келсе, 1 миллион 640 мың адам елден кетті.
Олардың елде уақытша болуы әрқайсысының толық дерегі мен төлқұжаты негізінде есепке алынды.
Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізіліп жатыр. Ішкі істер органдары көшіп келушілердің елде тұрақтау ережелерін сақтауды бақылайды.
"Егер шетел азаматтарының елде тұрақтау мерзімі аяқталса, оған қатысты заңнамада көзделген шаралары қабылданады.
Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45,7 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4,2 мыңы Қазақстаннан дереу шығарылды. Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3,2 мың ресейлік жауапқа тартылды, бұл елге келген Ресей Федерациясы азаматтарының 0,2 пайызы.
Бұл олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтаудың белгілі бір тәртібін көрсетеді. Бұлай болмаған жағдайда, Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару, 5 жыл мерзімге елге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкцияны қарастырады", - деді Аслан Аталықов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!