Ресейлік рэпер Navai ұсталды: Қазақстанның СІМ жағдайға пікір білдірді

Сыртқы істер министрлігі өкілдері ресейлік рэпер Navai (Наваи Бакиров) ұсталуына қатысты пікір білдірді. Бұған дейін Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы қазақстандық тарапқа оқиғаның мән-жайын ресми түрде түсіндіруді сұрап, нота жолдаған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство өкілдері Ресей ФР Бас консулдығынан нота түскенін растап, бұл қалыпты рәсім екенін мәлімдеді.

"Сыртқы істер министрлігіне Ресей тарапынан Ресей Федерациясының азаматтары және олардың орналасқан жері туралы ақпарат беруді сұраған нота түсті, бұл - консулдық жұмыстағы стандартты тәжірибе. СІМ ҚР құқық қорғау органдарына тиісті сауал жолдайды", - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін танымал әнші 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі "Қордай" шекара бекетінде ұсталғаны хабарланған болатын. Әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, тәркіленген. Операцияны полицейлер шекара қызметімен бірлесіп жүргізген. 

Ол алдағы екі айын қамауда өткізеді.

14 қазанда әншінің Астанада концерті өтуге тиіс еді. Алайда ол өтпей қалды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндірді.

Наваи Бакиров (Navai) - танымал ресейлік рэпер әрі әнші, HammAli & Navai дуэтінің мүшесі. Сондай-ақ, жеке хиттердің ("Пустите меня на танцпол", "Прятки", "Девочка-война") авторы ретінде танымал.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!