Ресейлік рэпер Navai-ға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желіде ресейлік рэпер Navai (Наваи Бакиров) босатылғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жамбыл облысы Полиция департаменті мәліметінше, ресейлік рэп орындаушыға қатысты қылмыстық іс оның құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны, кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгені ескеріліп, ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған.

"Шешім қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес қабылданды. Бұл шешімді қадағалаушы орган бекітті. Шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды", - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін танымал әнші 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі "Қордай" шекара бекетінде ұсталғаны хабарланған болатын. Әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, тәркіленген. Операцияны полицейлер шекара қызметімен бірлесіп жүргізген. 

Алғашында ол алдағы екі айын қамауда өткізетіні айтылды. Оның адвокаты Рена Керімованың сөзінше, Navai-ға бір бап, яғни есірткі контрабандасы бойынша айып тағылған. 

14 қазанда әншінің Астанада концерті өтуге тиіс еді. Алайда ол өтпей қалды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндірді.

Наваи Бакиров (Navai) - танымал ресейлік рэпер әрі әнші, HammAli & Navai дуэтінің мүшесі. Сондай-ақ, жеке хиттердің ("Пустите меня на танцпол", "Прятки", "Девочка-война") авторы ретінде танымал.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз