- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ресейлік компания лақтырып...
"Ресейлік компания лақтырып кетті": ШҚО-да 600 млн теңгеден аса қаржы бөлінген спорттық нысанның тек іргетасы қаланған
Шығыс Қазақстан облысындағы Үлкен Нарын ауылында тұрғындар "2021 жылы салынып басталған спорттық нысанның игілігін қашан көреміз?" деген сұрақты жиі қойып келеді. Жауапкершілікті мойнына алған "QazConstuctions" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тағы бір құрылысты аяқсыз қалдырғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үш жылда іргетасын ғана қалап үлгерген
Қоғам белсендісі Дидар Смағұловтың сөзінше, жұмыс өгізаяңға баспағанда нысан 2021 жылдың желтоқсан айында қолданысқа беріліп қоюы тиіс болатын. Бастапқыда оған 487 миллион 373 мың 696 теңге бөлініпті.
"Өңірдегі шенеуніктер келісімшарт аясында 10 мәрте қосымша келісім жасасыпты. Сөйтіп жүріп уақытты 2023 жылдың желтоқсанына дейін создырып, соманы 662 миллион 392 мың 132 теңгеге дейін көтеріп алды. Кейбір жұмыс бір күн кешіктірілсе, жұмысшы айқайдың астында қалатын. Бұл жерде бизнестің ойдағыдай өрбуіне жағдай жасалып отыр", - деді ол.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев жуықта өткен жиында құрылыстың жалғасуына не кедергі болғаны жөнінде мердігерге сауал тастаған болатын. Ал "QazConstuctions" ЖШС басшысы Медет Қабден қаржы мәселесі етектен тартқанын жеткізді. Облыстық құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, бүгінде жоба құны 695 млн теңгеге жетіп, оның 430 млн (жалпы соманың 62%-ы) теңгесі игерілді. Нысанның әзірлігі 35%-ды құрайды. Іргетасы қаланып, су құйылатын орны дайындалды.
"Құрылыстың тұрып қалуына байланысты ескертулер жасалды. Талап қоюымызға қарай біздің тарап пен "QazConstuctions" ЖШС арасында сот ісі жалғасып жатыр. Құрылыс материалдарына қатысты сұрақтарымыз бар. Олар өз кезегінде сол материалдарды жеткізушілермен соттасуға көшкен. Әйтеуір басқа жеткізуші таптық. Басқарма тарапынан барынша көмек беріп жатырмыз. Негізінде "QazConstuctions" ЖШС басқа аудандарда да осындай жұмыстарды қолға алған", – деді басқарма басшысы.
Шенеуніктің сөзінше, солардың ішінде Үлкен Нарын ауылындағы жағдай күрделі. Себебі, ауқымы кең. Қаржы бар болғанның өзінде, құрылысты биыл аяқтау үлкен тәуекелді қажет етеді. Дәл осының алдында Медет Қабден жыл бітпей бәрін ыңғайластырамыз деген болатын. Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, жергілікті бюджеттен 72 млн, республикалық қазынадан 368 млн теңге бөлуге болады. Дегенмен құрылыс қарқыны мен көлемін ескеріп, "желтоқсанға дейін біржақты ету мүмкін емес" дегенді алға тартты.
"Әділдік жолы" РҚБ ШҚО филиалының басшысы Әділ Пшеновтің айтуынша, игерілген 430 млн теңгенің жұмысы мүлде байқалмайды. Ерасыл Қабыкенов есімді Үлкен Нарын ауылының тұрғыны "бассейнде жүземіз" деген ойдан әлдеқашан арылғанын жеткізді.
"Қолға тигені - 45 миллион теңге"
Ал "QazConstuctions" ЖШС-ның тағы бір өкілі кінәні бірден өз мойнына алды. Шатыр, сэндвич панель (ресми атауы солай екен) және қабырғаға арналған материалдар сатып алу үшін алдын ала төлем жасап та қойған көрінеді.
"Соңында ресейлік компания бізді лақтырып кетті. Келіскен адамды жарты жылдай іздедік. Жеткізушіні сотқа беріп, мәселені тез арада шешуге тырыстық. Сотта жеңгенімізбен, ақшаны толық өндіре алмадық. Ырың-жырыңмен жүріп, қолға небәрі 45 млн теңге тиді. Кейінірек басқа жеткізушімен келістік. Жағдай қиын болса да, бақылауда. Қараша бітпей қабырғасын көтеріп үлгерсек жақсы еді. Не десек те, біз, яғни бас мердігер бәріне жауаптымыз. Осындай келеңсіз жайт біздің кінәмізден болды", – деді серіктестік басшылығындағылар.
Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, мердігермен тығыз жұмыс жүріп жатыр. "QazConstuctions" ЖШС өкілдеріне негізгі құрылыс материалдарын жыл бітпей жеткізіп, жұмысты келер жылдың II тоқсанында аяқтау туралы ұсыныс білдірді. Сол уақыт аралығында игерілген 430 млн теңгенің орнын толтырып, жұмысты көрсетулері тиіс.
Белсенді Дидар Смағұлов жүзу бассейнінің темір бағаналары екі жылдан бері ашық аспан астында тоза бастағанын жеткізді. Күзетшісі жоқ, қашаланбаған да көрінеді. Қомақты қаржының осылай желге ұшқанына қынжылды. Уақытты босқа өткізбей, Антикор өкілдерінің араласуын құп көрді.
Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанның сөзінше, әу баста бұған 602 млн теңге бөлінген.
"Жоба қазір мердігерлердің кесірінен тоқтап тұр. Бұл мәселеге қатысты бірнеше мәрте тексерістер жүргізіліп, жиындар өтті. Негізі қаланған. Мердігерлердің сөзінше, аталған жұмыс тек 2024 жылы тәмамдалады", – деді ол.
Қоғам белсенділерінің сөзінше, Шығыс Қазақстан облыстық соты мердігерді жазаға тартудың орнына ымыраласуға шақырған. "Сыбайластық болмаса, миллиондар бөлінген жұмыс әлдеқашан бітіп қояр еді" дегенді жеткізді.
Асыл Бигелді
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы