Ресейлік дипломат қазақ музыкасын дәріптеп жүр

Домбырада, қобызда, сырнайда, шертерде ойнайтын ресейлік дипломат Дмитрий Суворов қазақтың мәдениетін дәріптеп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Дмитрий Суворов халқымыздың ұлттық музыка аспаптарында ойнауды елімізде қызмет еткен кезде меңгерген. Дипломат Ресейге оралған соң қазақ мәдениетін танытып, ағартушылық жұмыспен айналысуға кіріскен.

Ресей елшілігінің кеңесшісі Дмитрий Суворов дипломатиялық қызметін Қазақстанда атқарған кезде елімізді аралап, киелі орындарға барып, ұлттық аспаптарды меңгеруге ден қояды. Кейін танымал музыканттардан тәлім алып, таңдаулы шеберлерге аспаптар жасатады.

"Көрші халықтың жан дүниесін түсіну үшін оның музыкасымен танысу керек. Музыка - халықтарды біріктіретін күш, өзара түсіністіктің кілті. Қазақстанда көрген бірінші аспабым домбыра болды. Содан онда ойнауды үйренемін деп өзіме уәде бердім. Қазақстанда 4,5 жыл тұрдым. Осы уақыт аралығында әуелі домбыра, одан кейін қылқобыз, шертер, сазсырнай, сыбызғы ойнауды үйрендім", - дейді РФ СІМ Ақпарат және баспасөз департаментінің аға кеңесшісі Дмитрий Суворов. 

Дмитрий Карелияда туып-өскен. Бір қызығы, ол музыкант емес, өздігінен білім алып үйренген. Оның әйелі Оксана кәсіби пианист. Дмитрийдің шығармашылық идеяларын қолдайды. Олар қазақ әуендерін жиі бірге орындайды. Екеуі де Қазақстанды сағынамыз дейді.

"Жұбайым аспаптарды жинай бастағанда, қай жерде сақтаймыз деп біраз ойландым. Өйткені оларды Ресейге алып келу қиын болды. Арнайы рұқсат алып, ұшақпен емес, пойызбен қайттық. Егер коллекциясы көбейе берсе, арнайы мұражай ашатын шығармыз", - дейді жұбайы Оксана Суворова.

Халық күйлерін үйренген Дмитрий электрдомбыраны да меңгеріп алды. Сондай-ақ ол ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен заманауи әндерді жаңаша өңдейді. Танымал "Домбыра" әнін орыс тіліне аударды.

"Біз Дмитрийдің орындауында қазақша әндерді жиі тыңдайтын болдық. Ұлттық аспаптардың дыбысы өте керемет. Мұндай концерттер мәдениетімізді байытатыны сөзсіз", - дейді концертті ұйымдастырушы Кристина Аветисова. 

Дмитрий қазақ әндері мен күйлерін Мәскеудегі жиындарда жиі орындайды. Кештерде музыкалық аспаптардың тарихы, олармен байланысты аңыздарды әңгімелеп, достары мен көршілерін қазақ мәдениетімен таныстырып отырады.  

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!