Ресейдің Силиконды алқабын құру негізінде құрылған «Сколково» қоры StartUp Tour 2015 межесінде Қазақстанға да келіп жетті. Бүгін Алматы қаласында ресми ашылуы өткен Стартап-тур сарапшылары алдағы екі күн барысында әртүрлі бизнес жобасын саралайтын болады.
Ресейлік «Сколково» инновациялық орталығының бастамасымен Стартап-турды Алматыда Almaty Management University және Almaty Tech Garden бірігіп ұйымдастыруда. Ресей үкіметінің қолдауымен іске асырылып жатқан Start Up Village жобасы жаңа бизнес идеяларын жаһандық масштабқа көтеріп, олардың ары қарай дамуына түрткі болуды мақсат еткен. Айта кетсек, биылғы жылы үшінші рет ұйымдастырылып жатқан жоба Ресей территориясынан бөлек, посткеңестік аймақтағы елдерді қамтып, одан қалса, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропа елдеріне де тараған.
Start Up Village - келешегі бар инновациялық технологияларды іздестіруші Ресейдегі ең көлемді жоба болып табылады. Аталған жоба жоғары техникалық нарықта қажеттілігі бар инновациялық шешімдерді іздеуге, жас өнертапқыштарға дамудың өзіндік дербес бағытын қалыптастыруға көмектеседі.
Стартап-турдың ашылуында еліміздің Инновациялар және даму министрі Әсет Исекешов, «Сколково» қоры президентінің кеңесшісі П.Вильякайнен, аталған қордың инновация бойынша вице-президенті В.М.Белов және өзге де сарапшы мамандар сөз сөйледі.
Стартап-тур 2015 қатысушылары қатарына төмендегідей бағыттарда инновациялық жобаларды жүзеге асырушы командалар кіре алады:
- Ақпараттық технологиялар
- Биологиялық және медициналық технологиялар
- Қуатты (энерго) тиімді технологиялар
- Өнеркәсіптік технологиялар мен материалдар
- Балаларға арналған инновациялар
Ертең белгілі болатын жеңімпаздар (15 ең үздік жоба) маусым айының басында Ресейдің Сколково қалашығында өтетін Start Up Village ауқымды іс-шарасына тікелей жолдама алады.
Естеріңізге салайық, Алматы қаласы Стартап-тур 2015 өткізіліп отырған алтыншы, ТМД елдері ішінде бірінші қала болып табылады. Ендеше, жаңа идеяларын жүзеге асыру мақсатында Стартап-турға қатысып жатқан отандастарымызға сәттілік тілейміз!
Сурет: © massaget.kz