- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ баспасының жай-күйі
Ресейге салынған санкцияның қазақ баспагерлеріне де салмағы бар - Бақытжан Бұқарбай
Танымал баспагер Бақытжан Бұқарбай Ресейге салынған санкция әсерінен қазақ баспагерлерінде де мәселе туындап жатқанын айтты. Өйткені ресейліктер бұл бағытта да Қазақстан нарығын жаулап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кітаптардың тізімі әділ жасалмайды"
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде "Креативті индустрияны дамыту" тақырыбында отырыс өтті.
Баспагер Бақытжан Бұқарбай отырыста бірқатар ұсыныс жасады. Соның бірі кітапханалар сатып алатын кітаптарға қатысты. Оның сөзінше, тәуелсіз баспагер ретінде осы күнге дейін мемлекеттен қолдау алмай, 8 жылдан бері кәсібін өзі дөңгелетіп келе жатыр. Ол мемлекеттен көмек сұрамағанын да айтты. Алайда енді мемлекетпен біріге жұмыс істегісі келеді.
"Елімізде он мыңның үстінде кітапхана бар. Біз шығарған кітаптарды кітапханалар сатып алса, жақсы серіктестік болушы еді. Қазір бұған кедергілер бар. Сатып алынатын, сатып алуға ұсынылатын кітаптар тізімі ашық, адал қалыптаспайды. Былтыр 3 министрлік бірігіп, 1700 кітаптан тұратын тізімді бекіткен болатын. Бірақ ол жерден тәуелсіз баспагерлердің кітабын байқамайсыздар, ескі әдістемемен қалыптасып жатқан тізім", - деді ол.
"Баспагерлерден ҚҚС алып тастау"
Баспагердің екінші ұсынысы салық мәселесіне қатысты.
"Ең ірі мәселенің бірі - тәуелсіз баспагерлерден қосымша құн салығын алып тастау. Мемлекетке баспагерлерден қосымша құн салығын алып тастаса, көп өзгеріс әкеле қоймас. Бірақ баспагерлер үшін бұл жер мен көктей мәселе", - деді ол.
Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов отырыс соңында баспагерлерді қосылған құн салығынан босату, арнайы салық режимдерін енгізу секілді ұсыныстар келтірілгенін, Салық кодексіне қатысты да талқылау жүріп жатқанын жеткізді.
"Ресейге салынған санкция бізге де тиіп жатыр"
Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, соғыс басталғалы санкция мәселесі Ресейдегі кітап саласына да әсер еткен.
"Ресей баспагерлері санкцияға ұшырап, олар қазір көп кітап басып, аударып-шығаруға рұқсат ала алмайды. Сондықтан заңды компанияларды еліміздің аумағында тіркеді. Басында заңды мекенжай үшін тіркеді ме деп ойласақ, олар мына жерге келіп те, нарықта бар тапсырыстарды алу үшін әрекет етіп жатыр. Әрине, біз ашық нарықпыз. Ешкімге тыйым сала алмаймыз. Бірақ буыны қатпаған қазақ баспагерлері үшін миллиондаған бюджеті бар ресейліктермен бәсекелестікке түсу - қиын проблема", - деді ол.
Баспагер бұл тұста "мемлекет протекционизмге бару керек" деген пікірде.
"Ресейлік болсын, басқа елдің баспасы болсын, бізде қызмет ететін болса, өз тілінде бір кітап шығарса, қазақ тілінде де бір кітап шығаруға міндеттеу керек. Біз неге кітап шығарған кезде бизнестің ең тиімсіз формасымен айналысып жатырмыз?! Өйткені қазақ контентін кітап саласында да көбейткіміз келеді", - деді ол.
Дау болған кітап туралы бірер сөз
Баспагер бұған дейін қоғамда қызу талқыланған кітабына қатысты да пікір білдірді.
"Жазда бір кітабымызбен үлкен резонанс болды. Ол - тарихи еңбек. Қоғамда блогерлердің ұсынысымен қисынсыз резонанс болды. Ол резонансты жаптық. Бірақ бізге мынандай ақпарат жетті: "Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл кейстен кейін қазақ баспагерлеріне кітап шығару және кітап шығаруға рұқсат алу мәселесін қиындатуға қатысты тетіктерді іздеу деген тапсырма берді" дейді", - деді ол.
Бақытжан Бұқарбай Ресей, керісінше, кітап санын көбейтіп жатқанын, бұл отарлаудың бір көрінісі екенін айтып, бізде тиісті ведомство бұл салада мүлдем басқаша әрекет етіп отырғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, біраз уақыт бұрын "Как управлять казахами?" атты кітап қоғамда қызу талқыға түсті. Кейін баспагер Бақытжан Бұқарбай кітап сатылымнан алып тасталғанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін қанша кітап қазақ тіліне аударылып басылғанын жаздық.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова