Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасында қаза тапқан Виктор Бургун мен Виталий Слюньков бүгін жерленді. Ал Денис Стешин кеше жер қойнына тапсырылған. Соңғы екі кеншімен қоштасу рәсімі ертеңге жоспарланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
39 жылын жер асты еңбегіне арнаған, 58 жастағы Виктор Бургунды шығарып салуға келгендердің қарасы көп. Асыл әке мен аяулы жар деп жылаған отбасы мүшелері есеңгіреп жүр. Білікті маманды жоғалттық деген әріптестері де қабырғалары қайысып тұр.
"Әр уақытта бірдеңе тосады ғой осылай, бірдеңе болғаннан кейін ғана басталады жұмыстың бәрі. Баяғыда Ленин шахтасында жиырма адамдай қайтыс болған кезде асфальт та салынды, жарық та істелінді деген сияқты. Болмай-ақ қойсын ондай енді алдын ала істесін, біздің депутаттар бар", - дейді марқұмның әріптесі Нұржан Райымбеков.
Қаралы жиынға әкімдер мен депутаттар да келген. Олардың айтуынша, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының құрғақ уәдесі елді шаршатқан. Компанияға қарасты шахталардың бәрінде заманауи құрылғылар сөз жүзінде ғана жаңарып жатыр дейді.
"Олар өздерінше алдайды, ылғи алдайды. Бес жылдық жоспар бар, үш жылдық жоспар бар, біреуі орындалған жоқ. Бес жылдық жоспардың 30 пайызын да орындаған жоқ. "Мынаны алдын аламыз", "Ешқандай қауіп болмайды", "Өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз" деп көзімізді алдап, жай бірдеңе бере салады. Ал нақты орындалып жатқан ештеңе жоқ", - дейді Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов.
59 жастағы Виталий Слюньков та шахтада 39 жыл еңбек еткен. Оның денесін жақындары үйінен шығарды. Зейнетке шықсам, Ресейге көшемін деп жүрген екен. Бұрынырақ елден кеткен бала-шағасы келіп, әкелерін соңғы сапарға аттандырды. Қоштасуға келген кеншілер де көп.
Ал шахтаның өзінде 5 күн бұрын басталған өрт әлі сөндірілген жоқ. Өйткені конвеерлік лентадағы өрт көмір қабаттарына тиген. Сондықтан тар жерде тұтанған көмірдің қою қара түтіні мен бет қаратпас ыстығы өрт сөндірушілерді маңайлатпай жатқан көрінеді.
Қазір жер астындағы 10-нан аса өрт ошағымен 40 шақты өрт сөндіруші алысып жатыр екен. Одан көп адамды кіргізуге жер астындағы тар жолдар мүмкіндік бермейді.
"Бізде былтыр Ленин шахтасындағы өрт кезінде үш апта деп жоспарлағанбыз. Бірақ одан ерте сөндірдік. Сондай болуы мүмкін. Керісінше созылып кетуі де ғажап емес. Өйткені жанған көмірді сөндіру оңай емес. Сондықтан нақты айта алмаймыз", - дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин.
"Қазақстан" шахтасында еңбек ететін 1 450 адамның 600-ден астамы қазір басқа шахталарға жұмысқа жіберілген. Қалғаны өртсөндірушілерге көмектесіп жүр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!