Ресей шекарасынан өтпеген қазақстандық астық Еуропа нарығына жетпей қалды. 1711 тонна өнім тиеген 89 жүк көлігі Қазақстаннан шығып, Ресей шекарасында кері қайтарылды. Бұл тосқауыл қазақстандық ауыл шаруашылық экспортын тұралатып, халықаралық келісімшарттардың орындалуына кедергі келтіріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мәліметінше, Россельхознадзор бұрыш, күріш, тары, ұн, кептірілген жеміс, пияз, жаңа қауын, бұршақ, алма сияқты ауыл шаруашылығы өнімдеріне карантин енгізіп отыр. Оған себеп, қазақстандық өнімдерден зиянкестер мен патогенді бактериялар табылған. Десе де, мемлекеттік инспекция комитеті Қазақстанның Еуропа нарығына арналған өнімдерін карантиндік объектілер санатына жатқызуға нақты дәлелі жоқ екенін мәлімдейді. Министрлік тиісті құжаттарды сұратқанымен, Ресейдің құзырлы органы нақты жауап бермей отыр.
Қазақстанда биыл астық көп - фермерлер рекорд орнатты. Биыл шаруалар Еуропаға шамамен 1,5-2 млн тонна көлемінде астық жіберуді жоспарлап отыр. Алайда олар кедергіге тап болды. Өйткені Ресей арқылы жеткізілетін транзиттік жол жабылды. Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов қойылған шектеу кәсіпкерлерге айтарлықтай зиянын тигізіп отырғанын айтады. Атап айтқанда, шығын артып, отандық кәсіпкерлердің беделіне нұқсан келді.
"Біздің астық жіберумен айналысатын кәсіпкерлер сатып алушы тараппен келісімшартқа отырды. Енді, міне, соның талаптарын уақытында орындай алмады. Қазақстандық шаруалар дер кезінде астық жібермегені үшін еуропалық сатып алушыларға айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Қазір Ресейдің карантиндік талаптарды алға тартып шектеу қойып отырғанын біздің үкімет біржақты шешуге тырысып жатыр. Биыл бізде астық бітік шығып, рекорд орнаттық. Яғни ел аумағын өзіміз толықтай ұнмен қамтамасыз ете аламыз. Сол үшін Ресейден келетін арзан астыққа тосқауыл қойып, олардың өнімін шектедік. Енді осы жағдайдан кейін Ресей бізге тісін қайрап, астығымызды Еуропаға жібермей отыр", - дейді Мәуленов.
Маманның айтуынша, біздің тарап Ресейдің Қазақстан аумағы арқылы өтетін астық транзитіне шектеу қойған жоқ. Көрші ел біздің территория арқылы Орталық Азия және Қытай нарығына жоспар бойынша астығын жіберіп отыр.
"Олай болса, біз де неге олардың қазақ жері арқылы өтетін астық жіберу бағытын бұғаттап тастамаймыз? Егер Ресей бізге жылдамдатып Еуропа нарығын ашпаса, біз де көрші елге осындай талап қоя аламыз", - дейді Мәуленов.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан мен Ресей арасында ветеринарлық және санитарлық сертификат қабылданып, ол өзара мойындалған еді. Алайда оның осы күні еш пайдасы жоқ деп есептейді "Қазақстан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің ұлттық одағы" ЗТБ президенті Мырзахмет Өксікбаев. Оның пайымдауынша, одақ құрудың мақсаты сауданы жеңілдету болатын, қазіргі уақытта жағдай, керісінше, Ресей қиындатып жатыр.
"Еуразиялық экономикалық одаққа кірген кездегі негізгі мақсат - ешбір мемлекеттің тауар айналымы мен адами капиталы зардап шекпеуі керек еді. Сол үшін ұйымға мүше мемлекеттер барлық бірегей талаптар енгізді. Яғни стандарт ортақ. Соған қарамастан, Ресей Қазақстан өнімін қабылдамай отыр. Біздің бұндай жағдайға әбден етіміз үйреніп кетті. Көрші елдің осындай қыңыр қылығынан сабақ алатын уақыт келді", - дейді Мырзахмет Өксікбаев.
Мұндай шектеудің себебін Ресей тарапы нақты түсіндірмей отыр. Жасалып жатқан негізінен бюрократиялық кедергілер. Әйтпесе, елден шығатын тауар барлық талаптарға сай екеніне Өксікбаев мырза сенімді. Оның пайымдауынша, бұл әрекетті Россельхознадзор өз нарығын сақтау үшін жасап отыр.
"Ресейдің өзіне қолайлы шектеулер енгізуі Еуразиялық одақтың әлсіз жұмыс істеп отырғанын көрсетеді. Яғни олар одақты керек кезде пайдаланып, өзіне тиімсіз кезде шектеу қою сияқты айла-әрекетке барып жүр. Бұл жағдайдан шекара маңындағы шаруалар айтарлықтай зардап шегіп отыр. Яғни шаруалар өз өнімін сата алмайды. Басқа бағыттарды қарастыруға міндетті болады. Сондықтан бізге астықты кімге сату керек деген мәселеде мұқият болу керек", - деді сарапшы.
Биыл астық нарығында Қазақстан мен Ресей бетпе-бет келді. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл текетірестің салдарынан елімізге 40 миллиард теңгеден астам шығын келген.
Батыстың санкциясына ұшыраған Ресей енді Қазақстанның тұрақты серіктестері (Ауғанстан, Пәкістан, Таяу Шығыс және Қытай) әрі көршілес елдердің нарығына өтудің жолын тапты. Ол - демпинг.
Қазір әлемдік нарықта Қара теңіздегі ресей бидайының экспорттық бағасы 216 АҚШ долларына жетті. Қазақстандық таза астықтың бір тоннасы 61 мың теңге болса, клейковинасы бар бидай 75 мың теңгеге дейін көтерілді. Орталық Азия елдері осы бағаға сатып алуға дайын. Алайда Ресей дәл осы бағадан төмен ұсыныс жасап отыр.
"Ресейдің өндіріс көлемі бізден әлдеқайда жоғары. Олар бағаны төмендетуге мүмкіндігі бар. Ал біздің астық көлеміміз шектеулі болғандықтан, бағаны түсіру тиімсіз", - дейді сарапшы.
Жағдайды теңгенің күшеюі одан әрі қиындатып жатыр. Мамандар доллар бағамы 500 теңге болғанда ғана Ресеймен бәсекелесу мүмкін екенін айтады.
Сөйтіп, Қазақстан астық нарығында "қос қысым" жағдайына тап болды: бір жағынан Ресейдің демпингтік саясаты, екінші жағынан теңгенің күшеюі отандық экспорттаушыларды қиын жағдайға қалдырып отыр.
Қазақстанның астық нарығындағы жағдай ушығып барады. Мәселені шешудің балама жолдары жоқ емес.
Бірі:
"Қазіргі кезде біздің жеңісіміз сол, Қытай бізге өз нарығын ашты. Сөйтіп, өткен аптада аспан асты елі біздің олардың нарығына кіргенімізді растады. Енді осы ұрымтал сәтті тиімді пайдалану керек. Ресей бізге демпингтің екінші сатысын бастамай тұрып, жиналған астықты жылдамдатып сату керек. Жаңа жылға дейін астық экспортының межелі көрсеткішін барынша орындап тастасақ жақсы болар еді", - дейді экономист Айбар Олжаев.
Екіншісі:
Мәселені шешудің тағы бір жолы - Ресеймен келісімге келу. Осы мақсатпен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ресейге барып келді. Әзірге бұл мәселе бойынша біржақты шешім қабылданған жоқ.
Осы ретте, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, екі ел бір байламға келуі аса маңызды. Сарапшы Айбар Олжаевтың пікірінше, көрші елдер бір-бірінің нарығына "кедергі келтірмейміз, демпинг жасамаймыз" деген ортақ уағдаластық орнатуы қажет. Келісім құжат жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде де күшін сақтауы тиіс. Сонда ғана Ресей де, Қазақстан да нарықтан өз үлесін алады.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың Үкімет отырысында есеп берген сөзіне сенсек, астық экспорты 28 пайызға артқан. Иран арқылы тасымалдар қайта жанданып, қыркүйекте 140 мың тонна өнім экспортталған. Жыл соңына дейін де жағдай тұрақты болмақ. Ай сайын 1,3 млн тоннаға дейін астықты саудаға шығара аламыз деп сендірді ол. Оның үстіне Үкімет көлік шығындарына субсидия бөлу мүмкіндігін қарастырып жатыр екен.
Биылғы астықтың мол қоры және экспорт мәселесінде қиындық туындағаннан кейін қолдағы өнімді тиімді сақтауға тиіспіз. Қазіргі уақытта үкімет астық қорларының сыйымдылық мәселесін қарастырып жатыр.
Қазақстан жыл сайын шамамен 40-тан астам елге 8-9 миллион тонна астық экспорттайды. Қазақ бидайын Орталық Азия, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис елдері тұтынады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!