Украина құқық қорғаушылары Львовта қаза тапқан Украина Жоғарғы Радасының бұрынғы спикері Андрей Парубийдің өліміне қатысты тергеу аясында Ресейдің ізі болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығармайды. Бұл туралы 30 тамызда Львов облыстық прокуратурасының басшысы Николай Мерет мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі УНИАН-ға сілтеме жасап.
Сонымен қатар, ол тергеу әзірге Парубийдің өлімі мен бір жылдан аса бұрын қаза тапқан украиналық радикал саясаткер Ирина Фарионның өлімі арасында байланыс таппағанын айтты.
Львов облыстық полиция басқармасының бастығы Александр Шляховскийдің айтуынша, полицияға Парубий қаза тапқан атыс туралы хабар сенбіде сағат 11:37-де түскен. Оқиға орнына жеткен полиция шамамен сегіз оқтың қысқа қашықта атуға арналған қарудан атылғанын анықтады. Алынған жарақаттардан Парубий оқиға орнында көз жұмды.
Брифинг кезінде қаскөйдің кім екені анықталмағаны айтылды. Сондай-ақ оның қандай қару қолданғаны да нақтыланбады.
"Қылмыскерді анықтап, оның полициядан қашып кетуін болдырмау үшін шұғыл арнайы операция жарияланды. Осы мақсатта оның қозғалыс бағыты бойынша бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, куәгерлер мен оқиғаға қатысы бар адамдардан жауап алынып жатыр, – деді Шляховский.
Ол қылмыстың мұқият жоспарланғанын, президент Владимир Зеленскийдің бұрынғы мәлімдемесін растады. Бірақ журналистерге қылмыскердің түр-түсі немесе оның жалғыз әрекет еткені не ұйымдасқан топ құрамында болғаны туралы ақпарат беруден бас тартты. Сондай-ақ қаскөй белгілі бір жеткізу қызметінің курьері болғанын да растаған жоқ.
Бұған дейін Зеленский Украина ІІМ басшысы Игорь Клименко мен Бас прокурор Руслан Кравченко Парубийдің өліміне қатысты президентке тұрақты есеп беріп отырғанын хабарлаған еді. Тергеуге Украина Қауіпсіздік қызметі (СБУ) де тартылды.
Андрей Парубий – украин саясаткері, "қызғылт-сары революция" мен Еуромайданның белсенді қатысушысы, Украина Жоғарғы Радасының бұрынғы спикері (2016–2019 жж.). Ол 2025 жылғы 30 тамызда Львовта оққа ұшты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!