Ресейдің екі өңірінде 10 адам маймыл шешегіне шалдықты деген күдікпен ауруханаға жеткізілді

Санкт-Петербургте бес адам маймыл шешегін жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылып, медициналық бақылауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РБК басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, бұл туралы Роспотребнадзордың Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша өңіраралық басқармасы мәлімдеді.

"Эпидемиологиялық тергеу барысында қарым-қатынаста болған адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 5 адам ауруханаға жатқызылды және медициналық бақылауда. Дезинфекция жүргізу туралы нұсқама берілді", – делінген хабарламада.

Басқарма мамандардың жедел түрде санитарлық-эпидемиологиялық тергеуді бастап, індетке қарсы іс-шаралардың толық кешенін ұйымдастырғанын айтты.

Диагностика үшін Роспотребнадзор әзірлеген және тіркеген, вирусты аз уақытта анықтауға мүмкіндік беретін тест-жүйелері қолданылып жатыр. Тергеу жалғасып жатыр, жағдай ведомствоның бақылауында.

Сондай-ақ, 15 қазанда Мәскеу облысында маймыл шешегін жұқтырған болуы мүмкін адаммен байланыста болған бес адам профилактикалық мақсатта ауруханаға жатқызылғаны хабарланды. Өңірлік денсаулық сақтау министрлігі түсіндіргендей, оларда ауру белгілері болмаған, жағдайлары қанағаттанарлық деп бағаланды. Науқастардан сараптама алынып, медициналық бақылау орнатылды.

Анықтама: маймыл шешегі немесе mpox – MPXV вирусынан туындайтын инфекциялық ауру. Ол науқаспен тығыз байланыс орнатқанда, соның ішінде жанасу, сүйісу және жыныстық қатынас арқылы, сондай-ақ, кір киім, төсек-орын және басқа да заттар арқылы жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, инфекция жұқтырған жануарлармен жанасқанда да ауру жұғу қаупі бар. Симптомдар жұқтырғаннан кейін 1-21 күн ішінде пайда болуы мүмкін. Олардың қатарына ауырсынатын бөртпелер, дене қызуының көтерілуі, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас ауруы, бұлшықет ауырсынуы және айқын әлсіздік жатады. Ауру ауыр өтіп, асқынулар тудыруы мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!