Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Федерациясының Иркутск облысындағы жағдай бойынша эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандағы ахуал
Ведомство мәліметінше, Қазақстанда жағдай тұрақты бақылауда, алдын алу бойынша қажет іс-шаралар қабылданған. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитария-карантин бақылауы жүргізіліп жатыр. Көліктің барлық түрінде қызуы көтерілген, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдік бар адамдар анықталмаған.
"Алдын ала бағалау бойынша инфекцияның Қазақстанға келу қаупі төмен деңгейде. Сапардан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке уақтылы жүгініп, дәрігерге барған жеріңіз бен сапар күндері туралы хабарлау қажет", - деп ескертті министрлік өкілдері.
Ресейде не болып жатыр?
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір ресейлік мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қорытынды диагноз әзірге ресми түрде расталмаған, ықтимал жұқтыру көзі мен мән-жайы анықталып жатыр.
"Медициналық бақылауда байланыста болған 197 адам бар. Қолда бар мәлімет бойынша олардан ауру белгілері анықталған жоқ, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 4 қазанда Роспотребнадзордың баспасөз қызметі Иркутск облысында, Иркутск қаласында және Шелеховта санитария-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін, оба ауруы анықталмағанын хабарлады. Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің қайтыс болу себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова